ШҚО-дағы ауылдардың бірінде сарыауру өршіп барады

12:38, 17 қаңтар 2018

Алматы. 17 қаңтар. 7kun.kz – Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Шолпан ауылында сарыауру індеті өршіп барады, деп хабарлайды 24 Хабар.

2017 жылы күз айында басталған жұқпалы дертпен бүгінде 50-ге жуық оқушы ауырған. Тіпті адам өлімі тіркеліп үлгеріпті. 11 жастағы жеткіншек ауруы асқынып көз жұмған. Қазір дәрігерлер жаппай егу жұмыстарын қолға алып, 139 оқушыға вакцина салыпты. Алайда тұрғындар аурудың алдын алу шараларына көңілдері толмай, балаларын мектепке беруге үрейленіп отыр.

1400-ге жуық халқы бар Шолпан ауылының тұрғындарынан күзден бері маза қашқан. 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап мектеп оқушылары ішінде сарыауру тарала бастапты. Содан бері аудан әкімдігі мен жергілікті дәрігерлер қаншама жанталасқанымен, жұқпалы дерттің беті қайтпай тұр.

Шолпан ауылының тұрғыны Индира Жәнібекованың баласын аудандық аурухана қабылдамай, ауылда амбулаторлық ем тағайындалғандықтан, қайғылы жағдайға душар болғанын айтады.

“Басында мұны сарыауру емес, ұшынып қалған деді. Біздің көшенің басында бір қыз ауырып бастады. Одан жұқпалы аурулар емханасына апарып жатқызды. Бір апта жатты ма, жатпады ма, 2 баланы мектепке әкелді. Ол балаларды не оқшаулаған жоқ, не алдын алған жоқ. Ақыры менің қызым ауырды, міне, нәтижесі осындай болып отыр. Сол сарыаурудан қайтыс болды, асқынып кеткен. Жансақтау бөлімінде жатқанда қасында болдым. Қарамағанның нәтижесінде осындай болып отыр, салғырттықтың кесірінен ғой, – дейді Индира Жәнібекова.

Қазір бұл жағдай бойынша прокуратурада қылмыстық іс қозғалған. Әлі қорытындысы беймәлім. Ал ауыл тұрғындары үрей құшағында өмір сүруге мәжбүр. Өйткені мектепте сабақ әлі жалғасып жатыр.

“Қазір ауырып жатқандар – балалар, Айнұрдың 2 баласы бар, кеше ғана екінші қызы кетіп отыр. Бұл жұқпалы ауру, 5 мың теңгеге дәрі аламыз дейді. Сонда ол кісілерге қандай жәрдем болады?”, – дейді Шолпан ауылының тұрғыны Мақсат Жақыпов.

Үржар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жескенбай Тілеуберлин аурумен қарым-қатынаста болған 800-дей адамнан қан алынғаны жайлы айтады: “Жалпы 49 адамда тіркеліп, 25-і орталық ауруханада емделіп шықты. Алдын ала екпе жүріп жатыр. Ата-аналардың келісімімен 8-9-ына 90 балаға, бүгін 49 балаға, жалпы саны 139 балаға екпе жасалды”.

Жаппай екпе жасалып жатқанымен, аурудың қашан тоқтайтыны белгісіз. Өйткені гепатиттің неден шыққаны нақты анықталмаған. Елді алаңдатып отырғаны, ахуалдың асқынғанына қарамастан, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан бірде-бір маман келмеген. Енді олар республикалық комиссиядан мәселенің мән-жайын жан-жақты тексеруін сұрап отыр.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!