Әкемнің несиесі басымызға бәле болды 

17:05, 23 сәуір 2018

«Әкең жаман болса, байлап бақ» деуші ме еді?! Қаншама жылдан бері әкемнің ит мінезімен алысып келеміз. Енді соңғы тудырған мәселесі – банктен несие алғаны болып тұр.

Қанша жерден «әкем жаман» деп өзіңді қажығанмен, біреу саған келіп жақсы әкесін әкеп бермейтінін білемін. Менің туған әкем біреудің жалғыз баласы болғандықтан ба, тым ерке, онысы әлі басылмаған бала сияқты. Былайша айтқанда – анамның тұңғыш ұлы. Кезінде ата-анасы «жалғыз ұл, жалғыз ұл» деп бетінен қақпай, ештеңе істеткізбей аялап өсірген екен. Тым еріншек, анамның оны талай рет сүйрелеп, шаршап жүретіні бала кезімнен есімде. Төрт баласы дүниеге келсе де, ешқашан тірнектеп еңбек еткен емес. Бәрі де анамның арқасы. Бәріне жүгіріп жүретін еді байғұс анам. Анамның бағыттауымен ғана, аяқ басатын. Қызғаншақ мінезі бір бөлек әңгіме. Ол туралы неше түрлі хикаялар көп. Мамандығы бойынша жұмыс істеп, бала-шаға асырап жүрген анамды жұмысынан шығарып алды. Не өзі, не мамама жұмыс істеткізбей, қиын күндер басталды. Соңында бәріміз базарда тиын-тебенге шемішке, сүт сатып кеттік. Мен негізі мәселенің тек бер жағын ғана айтып отырмын. Оның бәрін жазсам, бір кітапқа жүк. Сонымен не керек, анам соңғы күшін жиып, шыдамы таусылып, ақыры әкем екеуі ажырасып кетті. Қазір әкемнен бөлек тұрамыз. Араласпай кеттік. Тіпті, қалымызды сұрап, хабарласпайды да. Есесіне соңғы кезде әкемнің алған несиесі жөнінде айтып, банктен жиі хабарласатын болды. Ал, әкемнің банк қарызын төлейтін ойы жоқ. Ішкілікке салынып кетіпті деп естідік. Онымен қоса таныстардан алған қарызы да көп екен. Олар да хабарласып, тіпті үйге де келіп кетті. Одан дым қайыр жоқ болғандықтан, енді бізді қыспаққа алды. Несие берушілер сотқа береміз деп хабарласқан өткен жолы, мүмкін осы уақытқа дейін беріп те қойған шығар. Оның дәл қазір ол қарыздарын жаба қоятындай мүмкіндігі де, дымы да жоқ. Бізге қалдырған мұрасы да жоқ. Қазір қашып-пісіп жүргендіктен бір жерде өліп қала ма деп те қорқамын, Құдай сақтасын. Соңғы сөйлескенімізде «Қарыздарымды қазір төлемеймін, өз-өзімді әрең асырап өлейін деп жүрмін. Бар болса, тапсам – берем. Өліп кетсем, сендер төлейсіңдер», – деп мазақтап кеткендей болды.  

Енді менде сұрақ. Егер әкем қайтыс болып кетсе, оның мұрагерлері, яғни балалары ретінде оның қарыздары бойынша жауапкершілік бізге артыла ма? Негізі оның мұрасына еш таласымыз жоқ. Осындай жағдайда кімге жүгініп, не істеу керек?  

Мөлдір 

Шымкент 

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!