Алматы облысына 59 млрд теңге инвестиция тартылды

15:26, 19 қараша 2019

Алматы. 19 қараша. 7kun.kz — Алматы облысының инвестициялық портфелінде жалпы құны 4,9 трлн теңгеден асатын 421 жоба бар. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте аймақ басшысы Амандық Баталов  мәлімдеді.

«2019 жылдың қыркүйек айында «Лукойл» ресей компаниясының қуаты 100 мың тонна болатын майлау материалдарын өндіретін зауыты іске қосылды. Жыл соңына дейін Біріккен Араб Әмірліктері «Феникс» компаниясының қуаты жылына 60 мың тонна құрама жем өндірітін зауыты іске қосылады. Сондай-ақ, сингапурлық компанияның қатысуымен желтоқсан айында қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннаны құрайтын «АлаЦем» цемент зауыты іске қосылады. Өткен жылғы брифингте мен осы жобалар туралы осы жобалар туралы айттым, өздеріңіз көріп отырсыздар, олардың барлығы пайдалануға берілді. Олардың есебінен 900 жұмыс орнын құрумен өатар 59 млрд теңге инвестиция тартылды және олардың өнімінің 80%-ы «Қазақстанда жасалған» брендімен экспортталады», — деді Амандық Баталов.

Оның айтуынша, осы жылдың 10 айында экономиканың барлық бағыттары бойынша өсімге қол жеткізілді. Мәселен, Алматы облысында өткізілген «Жетісу ИНВЕСТ-2019» Халықаралық инвестициялық форумының қорытындысы бойынша «Инвестиция құй. Өмір сүр. Саяхатта» жобасы бойынша 860 млн доллар сомасына 13 меморандумға қол қойылды.

«Форумнан кейін Kusto Group компаниялар тобының жобаларын әзірлеу басталды, қазіргі уақытта кешенді экожүйе және протеин стратегиясы тұжырымдамасы бойынша жұмыс істейді, онда Алматы облысына басты позициялардың бірі бөлінген. Kusto Group экожүйесінің тағы бір өзегі бордақылау алаңдарын салу болады. Өңірде 100 мың бас ірі қара малға дейін бір жолғы күтіммен 10 бордақылау алаңын ашу жоспарланып отыр. Жалпы Алматы облысының инвестициялық портфелі жалпы құны 4,9 трлн теңгеден асатын және 40 мың жұмыс орнын құрумен 421 жобаны қамтиды», — деді облыс әкімі.

Өңір экономикасының дамуында агроөнеркәсіптік кешен ерекше рөл атқарады. Биыл АӨК – дегі күтілетін еңбек өнімділігі 4% өсіммен 2 млн 150 мың теңгені, ал өңделген өнім экспортының көлемі 5,5% өсіммен 85 млн долларды құрайды.

«Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігі 7 мың гектарға ұлғайып, 961 мың гектардан асты. Қант қызылшасының алқаптары 14 мың гектарға, жүгері 82 мың гектарға дейін өсті. Өнеркәсіптік картоп өсіруді дамыту жұмыстары жалғасып келеді. Жалпы, биыл облыста 525 мың тонна қант қызылшасын жинап, 52 мың тонна қант шығару жоспарланып отыр», — деді Амандық Баталов.

Сонымен қатар, Алматы облысының әкімі өңірде инфрақұрылым қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Атап айтқанда, жыл соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 81%-ға жетеді.

«Жалпы сомасы 8 млрд теңгеге 69 жобаны іске асыру арқасында өңірдегі 675 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтылады, қамту деңгейі 91%-ға жетеді, бұл елдегі ең үздік көрсеткіш болады», — деп қортындылады облыс басшысы.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!