Шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері: Жекелей жарыстарда жүлдесіз қалғанымыз көңілге қаяу түсірді

14:03, 9 ақпан 2025

© Сурет: olympic.kz

Шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері Петр Гамидов Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан 2025 жылғы қысқы Азия ойындарында командасының көрсеткен нәтижесіне баға берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Әрине, бірінші орын алғанымызға өте қуаныштымыз. Үлкен жауапкершілік болды. Біздің команда Қазақстан үшін медаль есебін ашып, осы Азиададағы алғашқы алтын жүлдені жеңіп алды. Қалған спорт түрлерінен де алтын алуға сәттілік тілейміз, барлық жоспарлары орындалсын. Біз бар күшімізді салып, еңбектендік. Енді бүгін түнде Әлем кубогы кезеңдеріне аттанамыз.

Біз бастапқыда командалық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндік бар деп ойладық. Әсіресе, ерлер эстафетасында жүлдеге ілігеміз деп сендік. Дегенмен бұл – шорт-трек, мұнда кез келген жағдай орын алуы мүмкін. Бірақ командамыз дайын болды.

Жекелей жарыстарда жүлдесіз қалғанымыз көңілге қаяу түсірді. Дегенмен, өзімізді қолға алып, барынша жақсы нәтиже көрсетуге тырыстық.

Шорт-тректе соңғы сәтке дейін не боларын ешкім болжай алмайды. Кез келген жағдай болуы мүмкін. Бүгін біз наразылық хатын да жаздық. Глеб Ивченконы төрешілер финалға өткізбей, пенальти берген еді. Арнайы қараудан кейін ол жарысты жалғастырды. Сондықтан ресми нәтиже шыққанға дейін дөп басып айту қиын.

Жалпы, біз нәтижеге ризамыз. Сондай-ақ Азияның көшбасшылары саналатын Оңтүстік Корея мен Қытайға лайықты қарсылық көрсете алғанымыз қуантады. Бізбен санасады, құрметтейді. Ал командамыздың ішінде керемет атмосфера мен өзара қолдау бар", - деді Гамидов.

Еске салайық, қазақстандық шорт-трекшілер бұл жарыста үш жүлде жеңіп алды. Ерлер эстафетасында тарихи алтын медальге қол жеткізсе, әйелдер және аралас эстафеталарда күміс жүлде еншіледі.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!