Зираттар көп. Қазақ елі жер астына көшіп жатқандай

11:42, 15 шілде 2020
1110

"Қазақ елі жердің астына үдере көшіп жатқан сияқты". Әлеуметтік желіде осындай атаумен жарияланған зираттың видеосы қараша халықты бір шошытты. Шошымай қайтеміз? Қаз-қатар жаңа қазылған көрлерді көргенде. Жан-жақта жаңадан қазылған төмпешіктер толып барады. Коронавирустың өзі кетсе де, кейін көзі боп қалып қалады.

Рас, қаралы хабар естіп, жақынын жерлеп жатқандардың саны көбейді ғой. Қабір қазушылардың қызметі де, құны да артып кетті осы кезде. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Мынаны қара, мынаны қара! Ана жақта да көміп жатыр. Міне, тағы қазып жатыр. Мынаны қара!".

Күні кеше ғаламторда тараған бұл видео Алматы зиратында түсірілгені белгілі болды. Соңғы деректерге сүйенсек, бір ғана батыс аталатын зиратта күніне 30 мәйітті жерге тапсырып жатыр екен. Көпшілік мұны көріп жағаларын ұстады.

"Өзі азғантай ғана халықпыз! Елдің, халықтың амандығын ойлайтын уақыт келді. Бір Алла Сақтасын! Кімге сенірімізді білмей қалдық". "Бақилық болғандарға жәннатты нәсіп етсін Аллам. Осыған себепші болғандардың да жазасын берер".

"Бұл тек бір мола! Ал өзге қалалардағы молалар қандай күйде десеңізші".

Елордада жаңадан бекітілген зираттардың бірінде тас қалап, көр қазып жатқан азаматтарды әңгімеге тарттық. Олардың айтуынша, марқұм болғандардың саны күрт өсіп кеткен.

Қабір қазушы:

"Осы айдың 11 күні келдім осында. Сонда кәдімгідей жүрегім ауырды ғой. Қойып жатқан адамдардың санын көргенде. Кәдімгідей соғыс уақытында адамдар қырылып жатады ғой. Сол сияқты болды ғой. Айтады да ертең 20 адамдай жерлейді деп".

Людмила Юрьевна басқаратын жерлеу агенттігінен де тыныштық кеткен. Егер мемлекет бір жағынан шығыспаса, жағдай қиындай түседі, дейді.

Людмила Пучерова, жерлеу агенттігінің басшысы:

"Мәселе СЭС-тің протоколында. Басында мырышпен көмсін деді, кейін табытпен болатынны айтты. Халық шатасып бітті. Қайтыс болғандардың саны көп болғандықтан зират қызметкерлері үлгермей жатыр. Мемлекет бір жағынан шығысқысы келсе, көр қазу жағын шешуге көмектессе екен".

Әуелде вирус жұқтырғандар бөлек жерленеді деген талап қазір жайына қалған. Күй талғайтын шама жоқ сияқты.

Нұрболат Абдрахманов, "Астана арнайы қызмет көрсету бюросы" ЖШС директорының орынбасары:

"Сэс алгоритмы бойынша коронавирустан көз жұмғандарды санитарлық және гигиеналық нормалар қатаң сақтай отырып кез келген зиратқа көмуге рұқсат етілген". "Павлодардағы бір ғана зиратта жаңадан қазылған 40-қа жуық қабір жатыр".

Бұл - Павлодарда түсірілген видео. Ертіс бойындағы зираттарда да қабір саны артып кеткен.

"Шымыр, Текелі. Крупская, Кировск, Үштөбе, Половинка, Заречный, Заря, Еркіннің адамдарынан көмек сұрап жатырмын. Қолдарына күрек ұстай алатын жігіттер. Ақыдай аласыңдар ма, маған бейіт басына келіңдерші, көмектесіңдерші. Қабір қазғанға адам жетпей жатыр".

Талдықорған облысы тұрғынының жанайқайы. Марқұм болғандардың саны артқаны соншалық, қабір қазатын адам қалмаған.

Семейде де жағдай мәз емес. Вирусты былай қойғанда пневмониядан көз жұмғандардың санында есеп жоқ. Қабір қазатын азаматтар өмір мен өлімнің арасында жүргендерін айтады.

Ербол, қабір қазушы:

"Бұрын аптасына 2-3 болса, қазір күніне 5-6. Сескенесің. Коронавирус. Амал жоқ істейсің. Санитарныйлар келіп жатады ғой. Күректер сол жерде қалады бір күн. Сосын дезинцекция жасап ұстаймыз амал жоқ. Қазір уже мына жақта орын да жоқ. Мына жақ біреудің жері. Былай кетіп жатыр ұзарып".

Заңгер, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбектің әлеуметтік желідегі жазбасынан үзінді:

Үкіметтік комиссия осыған дейін коронавирустың симптомы бар жоғына қарай науқастарды бөліп келді. Кейін жұрт шулаған соң бір тізім етті. Енді міне пневмония кенедей жабысқанда қараша халық тағы ызаға булықты. Қоғам белсенділері атқарушы билікке статистиканы мың құбылпай, ашық ақпарат беруді талап етуде. Мола аралаймыз ба, өлгендер санын нақтылау үшін? Бүгін еліміз бойынша, бір апталық қайтқандар саны 111 болыпты. Бұл тек тәж вирусы бойынша! Ал өкпе қабынуы бойынша нақты ақпарат толық беріліп жатқан жоқ! Денсаулық министрі Цой мырза! Әр өңірдегі қоғам белсенділері мола аралап, санақ жүргізсін демесеңіз, өкпесі қабынып қайтқандардың есебін де толық беріп отырыңыз! Мал шығыны болса көп қылып, адам шығыны болса, барынша аз қылып жасырып көрсететін елде, ештеңеге таң қалмаймын! Статистиканы ойлап отыратын уақыт емес! Халыққа нақты және ашық ақпарат беріңіздер!

Сиясы кеппеген статистика. Елімізде бүгінге дейін 65 мың адам коронавирус жұқтырған, 35 мың азамат сауығып, 375 отандасымыз көз жұмды. Бұл тек "ковид-19"-дың есебі. Пневмонияның зардабын тартқандардың санын ешкім білмейді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!