Жылу құбырының жарылуынан зардап шеккен алматылықтар өтемақы талап етуде

12:54, 24 ақпан 2026

© Фото: Zakon.kz

22 ақпанға қараған түні Алматыда жылу құбыры жарылып, салдарынан төрт адам зардап шекті. Қазір олар келтірілген шығын үшін өтемақы талап етіп отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, апат кезінде жеке сектор аумағын қайнаған су басқан. Зардап шеккендердің үшеуі ауруханаға жатқызылды. Көптеген үйлердің жөндеу жұмыстары, жиһаздары мен тұрмыстық техникалары толықтай жарамсыз болып қалған. Тұрғындар келген шығын көлемін есептеп жатыр.

Жергілікті халықтың айтуынша, бұл аудандағы екінші коммуналдық апат. Мамандардың дерегіне сүйенсек, аумақтағы құбыр желісіне 55 жыл болған. Жарты ғасырдан асқан желілердің әбден тозғанын коммуналдық қызмет өкілдері де мойындады. Апаттан кейін жұмысшылар құбырлардың бір бөлігін ғана ауыстырған.

Компания өкілдері алматылықтарға келтірілген шығынды өтеп беруге уәде еткен. Алайда өтемақы мөлшері арнайы бағалау нәтижесі бойынша анықталмақ. Сонымен қатар тұрғындар қаржылай өтемнен бөлек, өз қауіпсіздіктеріне алаңдаулы. Олар мұндай жағдайдың қайталануынан қорқып, жылу желілерін толықтай жаңартуды талап етуде.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етін экспорттауға тыйым салу туралы ақпаратқа түсініктеме бергенін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!