Жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтиханды онлайн тапсыру әзірге тек Астана тұрғындарына қолжетімді

09:49, 24 қараша 2026
MKZ: 1579354

© Фото: Zakon.kz

2026 жылғы 24 қарашада Ішкі істер министрлігі жол жүрісі қағидалары бойынша теориялық емтиханды қашықтан тапсыру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алғашқы кезеңде бұл қызметті Астанада тұрақты тіркеуде тұрған және жүргізуші куәлігін алғаш рет алатын тұрғындар пайдалана алады.

"Емтихан тапсыру үшін үміткердің қолында автомектепті бітіргені туралы жарамды куәлігі мен медициналық анықтамасы болуы керек. Сондай-ақ үміткер белгіленген талаптарға сай болуы тиіс", – деп нақтылады ІІМ.

Өтінімді eGov Mobile қосымшасы арқылы беруге болады. Ол үшін "ХҚКО қызметтері" бөлімінен "Теориялық емтиханды онлайн тапсыру" қызметін таңдау қажет. Қажетті тексерулерден өтіп, қызмет ақысын төлегеннен кейін үміткердің жеке кабинетінде емтиханға кіруге арналған жеке сілтеме пайда болады. Ол 30 күн бойы жарамды.

Емтихан 40 сұрақтан тұрады. Оларға жауап беруге 40 минут беріледі. Емтиханнан өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру керек. Тестті күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін тапсыруға болады.

"Емтиханның әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған прокторинг жүйесі қолданылады. Жүйе үміткердің жеке басын растайды, емтихан барысын бейне және дыбыс арқылы бақылайды, экрандағы әрекеттерді жазып алады. Анықталған барлық ереже бұзушылық жүйеде тіркеледі", – деп хабарлады ІІМ.

Емтихан тапсыру үшін веб-камерасы мен микрофоны бар компьютер немесе ноутбук, қосымша камера ретінде пайдаланылатын смартфон және тұрақты интернет байланысы қажет.

Теориялық емтиханнан сәтті өткен үміткер белгіленген тәртіппен практикалық емтиханға жазыла алады. Теориялық емтиханды мамандандырылған ХҚКО-да бұрынғыдай тапсыруға да болады.

2026 жылғы 23 қарашада eGov.kz Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық емтиханды енді онлайн тапсыруға болатынын хабарлаған еді. Ал "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ өкілдері қашықтан емтихан тапсыратын үміткерлердің жеке басын растау үшін қандай технологиялар қолданылатынын түсіндірді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!