Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылдың жазында рингке оралуы мүмкін

15:06, 26 ақпан 2026

© Сурет: Instagram/rakhimzhan_yerdenbekov

Атақты қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы допинг қолданғаны үшін бір жылға шеттетілгеннен кейін мансабын алдағы үш ай ішінде қайта жалғастыруы мүмкін, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жақында "Қазақ стилі" лақап атымен танымал спортшы World Boxing Organization (WBO) ұйымының шешімімен тыйым салынған препарат қолданғаны үшін бір жылға дисквалификация алды. Бұл жаза 2026 жылдың желтоқсанында аяқталады.

Алайда sportarena.kz мәліметінше, Әлімханұлы қыс мезгілін күтпей-ақ шаршы алаңға оралуы ықтимал. Допинг ісін қараған Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы да өз шешімін шығарып, боксшыны алты айға шеттеткен.

Осылайша, федерацияның дисквалификациясы 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап күшіне еніп, 2026 жылғы 2 маусымға дейін жалғасады.

Бұл Жәнібек WBO аясындағы турнирлерге қатыса алмайтынын білдіреді. Дегенмен ол Қазақстан аумағында, Кәсіби бокс федерациясының туы астында жекпе-жек өткізе алады. Федерация басшылығы жуырда спортшыны қолдап, арнайы мәлімдеме жасаған.

Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың көктемінде Астанада конголық Ануэль Нгамиссенге қарсы өткізіп, қарсыласын нокаутпен жеңген еді.

Ал 3 желтоқсанда оның мельдоний қолданғаны анықталып, тарихи жекпе-жегі тоқтатылды. Екі аптадан кейін Жәнібек әлемнің үздік орта салмақтағы боксшылары тізімінен шығарылды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!