Жамбылдағы қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды
Жамбыл облысындағы «Көксай» тау шатқалында қар көшкіні астында қалып, қаза болған әскерилер жер қойнына тапсырылды. Сарбаздардың денелері кеше түс ауа өздері қызмет еткен 91 678 әскери бөлімінен үйлеріне жөнелтілген болатын. Барша қазақ халқы бақилық болған жауынгерлердің жақындарына қайғыра көңіл айтып жатыр.
Ал түрлі жарақат алған 8 сарбаз қазір Тараздағы әскери госпитальда ем алуда. Оқиғаның мән-жайын арнайы комиссия анықтау үстінде. Істі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өзінің жеке бақылауына алды.
Кіші сержант Әуесбай Ерісбаевтың жақындары болған жағдайға әлі сене алар емес. 24 жасар жігіттің алға қойған мақсаты көп еді. Ол Ақтауда әскери борышын өтеп, Таразға келген соң келісім шартпен Жуалыдағы бөлімде жұмыс істеді. Білімін жоғарылатып, офицер боламын деп жоспарлаған екен.
Көмекбай Тәжмағанбетов, марқұмның әкесі:
-Бір жарысқа дайындалып жатты. Күн де шаршап келетін еді. Алматыға жүреміз, Алматыдан шықсақ, Россияға жібереді деген. Таңертең 4-те тұрып, кешке келемін деп кеткен. Содан кейін хабарды телевизордан білдік.
17 ақпан оқыс оқиғадан мерт болған барша әскерилердің отбасылары үшін қаралы күн болып қалмақшы. Сол күні Жуалы ауданындағы таулы аймақта жаттығуда жүрген 23 әскери қызметкер қар астында қалды. Оқиға түскі бірлер шамасында болған. Қардың көшуін сол маңда жүрген қорықшы бірінші болып байқаған. Жедел жетіп, 4 адамды қар астынан аршып алған.
Ерік Алпысбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
-Хабар түсе салысымен, оқиға орнына жедел құтқару тобы жөнелтілді. Дәл қар көшкіні жүріп өткен аумаққа жету қиын болды. Себебі қар жауып, ауа райы техникалардың өтуіне мүмкіндік бермеді. Жеткен бойда мамандар іздестіру жұмыстарын қолға алды.
Әскерилердің 16-сы аман қалып, 7-еуін құтқарып қалу мүмкін болмады. Келесі күні өңірге Қорғаныс министрі ұшып келді. Әуежайға жете сала оған Көксай шатқалында болған қайғылы оқиғаның мән-жайы толығымен баяндалды. Артынша министр аман қалған әскерилер емделіп жатқан госпитальға жетті.
Бағдат Нұрбеков, Тараз қалалық әскери госпитальдің бастығы:
-Келген кезде екеуінің жағдайы ауыр, алтауынікі орташа еді. Екі науқасты реанимация бөліміне жатқыздық. Дәрі-дәрмектермен қамтылды. Сондай-ақ консультация, емінің бәріне коррекция жасалды. Қазір жағдайлары жақсы.
91 678 әскери бөлімі қайғылы оқиға болған Көксай шатқалынан 30 шақырымдай жерде орналасқан. Министр ол жерде де болып, жеке құраммен сөйлесті. Жалпы көшкін жүрген аумақта биыл қар қалың түскен. Өткен аптада күн күрт жылынып, қар қозғалысы соның салдарынан болуы мүмкін. Алайда бұл тек болжам ғана. Оқиғаның нақты себебін арнайы құрылған комиссия анықтайтын болады.
Талғат Мұхтаров, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
-Болған оқиғаның барлық жағдайын тексеріп, әділ, обьективті , әр лауазымды адамның әрекеттеріне тиісті баға беріледі.
Одан бөлек, әскери прокуратураның тергеу тобы да тексеріс жүргізіп жатыр. Шатқалдағы оқиға бойынша Қылмыстық Кодекстің 453-бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Авторлары: Нұржан Мергенбай, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатәллі
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскерилердің тізімін жариялаған еді.
Олар: аға лейтенант Әлішер Мошабаев, кіші сержанттар Мақсат Қыдырбаев, Әуесбай Ерісбаев, Әмір Аралбаев, келісімшарт қызметіндегі қатардағы жауынгерлер Тілеужан Кеңесов, Мақсат Шәкен және ефрейтор Мұхит Тұрысмағанбетов.
ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов оқиға орнына барып, арнайы комиссияның отырысына қатысты. Онда опат болған әскери қызметшілердің отбасына материалдық көмек көрсету мәселесі пысықталды.
Заң бойынша, әскери борышын орындау кезінде қаза болған қызметкерлердің үй ішіне 5 жылдық көлемдегі бір реттік өтемақы төленеді. Қаржының көлемі әскери қызметкердің соңғы атқарған лауазымына сәйкес беріледі.
Источник: khabar.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
20:51, 22 мамыр 2026
Астанада демалыс базаларындағы жалға берілетін үйлер алаяқтардың назарына іліккен
-
20:32, 22 мамыр 2026
Алматыда мәдениет саласының қызметкерлеріне 60 пәтердің кілті мен 13 мемлекеттік награда табысталды
-
19:47, 22 мамыр 2026
Астанада екі пәтерден есірткінің ірі партиясы тәркіленді
-
19:31, 22 мамыр 2026
Астанада LRT-ға мінген оқушылар көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады
-
19:20, 22 мамыр 2026
Таеквондодан Азия чемпионаты: Қазақстан құрамасы үшінші қола медальды қанжығалады





