Астанада LRT-ға мінген оқушылар көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады

19:31, 22 мамыр 2026

© Сурет: Instagram/astana_akimdigi_akimat_astana

LRT-ға мінген Астанадағы мектептердің бірінің түлектері вагонда қойылым қойып, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылы 22 мамырда Астана қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады:

"Астанадағы №91 мектеп-гимназиясы түлектері соңғы қоңырау қарсаңында ерекше форматтағы әсерлі музыкалық флешмоб ұйымдастырды. Жас түлектер балалық шақпен қоштасу мен ақ арманның символына айналған Мұхтар Шахановтың "Ақ бантик" әнін елордадағы LRT вагонында орындап, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады".

Түлектердің айтуынша, білім ордасының маңынан бой көтерген LRT олар үшін тек заманауи көлік инфрақұрылымының нысаны ғана емес, Астананың қарқынды дамуы мен болашаққа ұмтылысының белгісі. Сондықтан мектеппен қоштасу сәтін қаланың жаңа даму кезеңімен байланыстыру идеясы оқушылар тарапынан үлкен қолдау тапқан.

Ақ жейде мен ақ бантик таққан түлектердің ән орындауы жолаушыларға ерекше әсер қалдырды. Ән арқылы олар мектеп қабырғасындағы балалық шақпен қоштасу сезімін, ұстаздарға деген алғысын, туған қалаға деген сүйіспеншілігін және болашаққа деген сенімін жеткізуге тырысты.

"Түлектеріміздің тарихи мектеп бітіру сәті мен LRT-ның іске қосылу кезеңі қатар келіп отыр. Осы орайда біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жастардың туған қалаға деген құрметін көрсету мақсатында осындай ерекше іс-шара ұйымдастырдық. Бұл түлектердің есте қаларлық сәттерінің бірі болады деп сенеміз", – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Ахметова.

Айта кетейік, биыл Астанада 16 мыңнан астап түлек мектеп бітіреді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!