Жамбыл облысында 438 келі қарасора тәркіленді

11:08, 14 қыркүйек 2026
MKZ: 1566681

© Фото: Zakon.kz

Жамбыл облысында полиция қызметкерлері Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен бірлесіп, ірі қарасора алқабын жою бойынша арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Операция "Қарасора – 2026" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өтті.

Өңірдегі құмды алқаптардың бірінен автономды электр қуаты және суару жүйесімен жабдықталған үнді қарасорасы плантациясы анықталды. Жасырын алқапты іздеу кезінде әуеден барлау жүргізіліп, ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылды.

Жедел қызметкерлер күдіктіні қылмыс үстінде ұстады. Ол бірнеше рет сотталған 40 жастағы Тараз тұрғыны болып шықты.

Тергеу дерегінше, ер адам құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіріп, кейін оларды басқа өңірлерге тасымалдап, көтерме бағамен сатуды жоспарлаған.

Тінту барысында биіктігі екі метрден асатын 50 түп қарасора тәркіленді. Оның жалпы салмағы 438 келіні құрады. Сондай-ақ орау материалдары мен арнайы агротехникалық жабдықтар табылды.

Бұдан бөлек, сериялық нөмірі өшірілген Макаров тапаншасы мен оның оқ-дәрілері, 12 калибрлі "Байкал" мылтығы, оған арналған оқ-дәрілер және есірткі тасымалдауға пайдаланылған жол талғамайтын көлік тәркіленді.

Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы бойынша құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру және 287-бабы бойынша қаруды заңсыз сақтау деректерімен қылмыстық істер қозғалды.

Ер адам кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар өзге адамдарды анықтау бойынша жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!