Жалған нөмір, құжат жоқ: Алматыда мотоцикл жүргізушісі ұсталды

16:10, 21 қыркүйек 2026
MKZ: 1568022

© Фото: Zakon.kz

Алматыда бірқатар жол ережесін бұзған мотоцикл жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі 2026 жылғы 21 қыркүйекте мотоциклдің түнде Бөкейханов көшесі мен Рысқұлов даңғылының қиылысында тоқтатылғанын мәлімдеді.

Көлік тізгінінде 33 жастағы ер адам болған. Тексеру барысында бірнеше заңбұзушылық анықталды:

  • мотоциклге жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі орнатылған;
  • жүргізушінің көлік құралына арналған құжаттары болмаған;
  • мотоцикл басқаруға рұқсат беретін тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі болмаған;
  • мотоциклдің зауыттық газ шығару жүйесі резонаторға ауыстырылған.
"Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Жүргізуші жауапкершілікке тартылып, мотоцикл айып тұрағына қойылды. Мұндай заңбұзушылықтар жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Сондықтан Алматыда күшейтілген рейдтер жалғасып жатыр", – деп хабарлады Полиция департаменті.

Бұған дейін Zakon.kz тілшісі осындай рейдтердің біріне қатысып, тоқтатылған көліктің жүргізушісі мен жолаушысы айналасындағыларға қоқан-лоқы көрсеткен қауіпті жағдайға куә болған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!