Ұлытау облысында Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті

17:46, 22 наурыз 2026

© Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесіне орай Ұлытау облысының қала-аудандарында ауқымды әрі мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды. Өңір бойынша барлығы 130 киіз үй тігіліп, мерекелік думанға 100 мыңнан астам тұрғын мен қонақ жиналды.

Аймақ басшысы Дастан Рыспеков облыс орталығы – Жезқазған қаласындағы Наурыз мерекесіне қатысып, өңір жұртшылығын ұлық мерекемен құттықтады.

Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Облыс орталығында 30-ға жуық киіз үй бой көтеріп, олардың арасында "Үздік киіз үй" байқауы ұйымдастырылды. Жеңімпаздар қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталып, барлық қатысушыларға ынталандыру сертификаттары табысталды.

Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жезқазғанның өзінде 40 мыңнан астам адам мерекелік шараларды тамашалады.

Мереке барысында жиналған қауымға Наурыз көже ұсынылып, ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм татқандар ерекше көңіл күйге бөленді.

Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар, мекемелер мен кәсіпорындар арасында ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін сайыстар ұйымдастырылып, көпшілікке рухани тағылым сыйлады.

Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Этноауыл аумағында заманауи технологиялар да көрініс тапты. Атап айтқанда, жасанды интеллект негізінде әзірленген Digital Nauryz робот экспозициялары келушілердің қызығушылығын арттырып, мерекеге ерекше реңк берді.

Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мерекелік шаралар аясында келушілерге Тайжан Қалмағамбетов атындағы облыстық филармония өнерпаздары мен Қазақстан эстрадасының танымал жұлдыздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!