Ұлын елемей, қарызын көбейткен: қазақстандық алимент төлемегені үшін сотталды

11:38, 28 шілде 2026
MKZ: 1558372

© Фото: freepik

Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алимент төлеуден жалтарған Петропавл тұрғынына үкім шығарды. Бұл туралы Zakon.kz Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның түсіндіруінше, сотталушы сот бұйрығы негізінде кәмелетке толмаған ұлын асырауға алимент төлеуге міндетті болған. Алайда ол өзіне жүктелген міндеттерді орындаудан жалтарып, соның салдарынан алимент бойынша 1,5 млн теңгеден астам қарыз жиналған.

Сот ер адамның жұмысқа орналасып, табыс табуға нақты мүмкіндігі бола тұра, ресми жұмысқа орналасуға әрекет жасамағанын, халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінбегенін және алимент төлемегенін анықтады.

Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінгенін, сондай-ақ жауапкершілігін ауырлататын мән-жайлардың болмағанын ескерді.

Сонымен қатар сотталушының тұрғылықты жері бойынша теріс мінездемесі, алимент өндіру туралы атқарушылық құжатты орындамағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны назарға алынды. Сондай-ақ оның бұған дейін тараптардың татуласуына байланысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылғаны ескерілді.

Түзелуге мүмкіндік берілгеніне қарамастан, сотталушы тиісті қорытынды шығармай, баласын асырау міндетін орындаудан жалтаруын жалғастырған.

Бұдан бөлек, сот оның 2021 жылдан бері ұлымен байланыс жасамағанын, тәрбиесіне қатыспағанын, денсаулығы мен тағдырына қызығушылық танытпағанын анықтады.

Нәтижесінде сот ер адамды сот шешімі бойынша кәмелетке толмаған баласын асырауға арналған қаражатты төлеу міндетін орындамағаны үшін кінәлі деп таныды (Қылмыстық кодекстің 139-бабы).

"Оған бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді", – делінген ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұған дейін Әділет министрлігі 2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстанда алимент аудару тәртібі өзгеретінін хабарлаған еді. Енді төлемдер алимент алуға арнайы ашылған банк шоттарына ғана түседі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!