Аудиторлық қызметті жүзеге асыруға лицензия беру: не өзгерді

15:46, 27 шілде 2026
MKZ: 1558241

© Фото: freepik

Қаржы министрі 2026 жылғы 17 шілдедегі бұйрықпен "Аудиторлық қызметті жүзеге асыруға лицензия беру" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, "Аудиторлық қызметті жүзеге асыруға лицензия беру" мемлекеттік қызметін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті egov.kz және elicense.kz электрондық үкіметтің веб-порталдары арқылы көрсететіні нақтыланды.

Лицензиялық алым қолма-қол және қолма-қол ақшасыз тәсілмен екінші деңгейдегі банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы төленеді. Сондай-ақ веб-портал арқылы төлем электрондық үкіметтің төлем шлюзі (ЭҮТШ) арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын уәкілетті орган мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы, сондай-ақ заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпаратты электрондық үкіметтің цифрлық инфрақұрылым операторының мекенжайына, оның ішінде Бірыңғай байланыс орталығына жібереді.

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті мәліметтерді қамтитын цифрлық жүйеде ақау болған жағдайда, қызмет көрсетуші бір жұмыс күні ішінде электрондық пошта арқылы sd@nitec.kz мекенжайына бірыңғай қолдау қызметіне сұрау жолдау арқылы электрондық үкіметтің цифрлық инфрақұрылым операторын хабардар етуге міндетті.

Бұл ретте сұрауға міндетті түрде мынадай мәліметтер қоса беріледі: мемлекеттік қызметтің атауы, өтініштің әкімшілік құжатының нөмірі мен коды немесе өтініштің бірегей сәйкестендіру нөмірі, рұқсат беру құжатының әкімшілік құжатының нөмірі мен коды немесе рұқсат құжатының бірегей сәйкестендіру нөмірі, қызмет алушының ЖСН-і немесе БСН-і, пайдаланушы жүйеге кірген сәттен бастап қате шыққанға дейінгі барлық кезеңді көрсететін скриншоттар, қатенің нақты орын алған уақыты.

Қызмет көрсетуші заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелуі (қайта тіркелуі) туралы мәліметтерді электрондық үкімет шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік цифрлық жүйелерден алады.

Бұйрық 2026 жылғы 4 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!