Ұлттық банк инфляция көрсеткішінің төмендеуіне қандай факторлар ықпал еткенін айтты

17:20, 4 қыркүйек 2026
MKZ: 1565254

© Фото: zakon.kz

ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2026 жылғы 4 қыркүйекте өткен брифинг барысында еліміздегі баға өсімінің баяулауына ықпал ететін факторларды атады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Тимур Сүлейменов тамыз айында жылдық инфляцияның 9,8%-ға дейін төмендеп, бір таңбалы көрсеткішке айналғанын жеткізді. Бұл ретте азық-түлік инфляциясы көкөністер мен жемістердің арзандауы және импорттық бағаның төмендеуі есебінен 9,5%-ға дейін баяулады.

"Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының өсім қарқыны ақша айырбас бағамының нығаюы аясында 11,4%-ға дейін баяулады. Алайда тұрақты сұраныс пен ЖЖМ-нің қымбаттауы ары қарай баяулау динамикасына тұсау болып отыр. Жүргізіліп жатқан ақша-несие саясаты, қолайлы мұнай бағасы да теңгені қолдап, нығайтуы импорт құнын төмендету арқылы айтарлықтай дезинфляциялық әсер етуде. Ал сервистік инфляцияға келсек, ол реттелмейтін қызметтер бағасының өсу қарқынының баяулауы есебінен 8,9%-ға дейін төмендеді. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер инфляциясы да сервистік инфляцияға тежеуші әсер етуде", – деді ол.

Жалпы, оның мәліметінше, тамыз айында жалпы инфляцияның айлық өсімі 0,6% деңгейінде сақталды, базалық инфляция көрсеткіштері де шілде айымен салыстырғанда 0,7% деңгейінде қалды. Маусымдық таза инфляция 0,9%-ды құрады.

"Халықтың инфляциялық күтулерінің төмендеуі – оң нышан. Шілде айында бір жылдық күтулер 13,4%-дан 12,1%-ға дейін айтарлықтай төмендеді. Күтулердің төмендеуі ҚҚС өсімі, тарифтердің, азық-түлік бағасының қымбаттауы және т.б. бойынша алаңдаушылықтың бәсеңдеуімен байланысты. Жалпы, бұл жүргізіліп жатқан ақша-несие саясаты мен инфляцияны төмендету шараларына деген сенімнің артқанын көрсетеді", деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.

Тағы бір оң фактор – мұнайға жатпайтын сектордың оң серпініне негізделген экономикалық өсім.

"Тау-кен өндірісі секторын есепке алмағанда, ЖІӨ өсімі 5,4% деңгейінде бағаланып отыр. Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау салаларында жоғары өсім қарқыны байқалады. Сауда, ауыл шаруашылығы және байланыс секторлары да жақсы серпін көрсетуде. Ішкі сұраныс тұрақты деңгейде қалып отыр. Бұл бөлшек сауданың оң серпінімен және қызметтерге деген бар сұраныспен расталады. Қаңтар-шілде айларында бөлшек сауданың өсімі нақты мәнде жылдық есепте 4,1%-ды құрады", деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Бұған дейін Ұлттық банктің 2027 жылға арналған инфляцияға қатысты болжамдарын қайта қарағаны хабарланған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!