Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады

12:22, 17 қаңтар 2025

© Фото: Zakon.kz

17 қаңтарда ҚР Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясаты комитеті 2025 жылға базалық мөлшерлеме бойынша бірінші шешімін қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде сақталды.

Банк ақпаратына сүйенсек, желтоқсан айында Қазақстанда инфляция 8,6%-ға дейін үдеп, 2024 жылға болжанған 8-9% диапазон шегінде қалыптасты.

"Қызметтер бағасының жоғары өсуі және тамыздан бастап байқалып отырған азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының жеделдеуі оның динамикасына көптеп үлес қосты. "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын іске асыру мен теңгенің әлсіреуі аясында инфляция күш алып тұр. Сонымен қатар инфляцияның орнықты бөлігінде өсім сақталып отыр. Ол фискалдық ынталандыру жалғасқандықтан сұраныс тарапынан қысым барын көрсетеді. Желтоқсан айында халықтың инфляциялық күтулері, жоғары құбылмалылықты көрсетіп, қайта өсті",- деп түсіндірді Ұлттық банк.

Сондай-ақ, әлемдік азық-түлік бағасының жоғары болуына және Ресейде инфляцияның қарқын алуына байланысты сыртқы инфляциялық қысым жоғары болып тұрғандығы атап өтілді.

"Дамыған экономикаларда инфляция соңғы айларда ұзаққа жалғасқан төмендеу кезеңінен кейін біршама өсті. Орнықты инфляция және күшті еңбек нарығы ұзақ уақыт бойы қатаң сыртқы монетарлық талаптардың сақталуына әсер етуі ықтимал. Мәселен, АҚШ ФРЖ қыркүйек айындағы бағалаумен салыстырғанда мөлшерлемелер баяу төмендейді деп күтеді".ҚР Ұлттық Банкі

Мұнымен қоса, ведомство проинфляциялық тәуекелдер сақталып отырғандығын да жасырмады. Сыртқы ортадан – олар Ресейдегі инфляцияның жоғарылауына байланысты, ал ішкі ортадан – реттелетін бағалар саласындағы реформаның жалғасуына, әлсіреген теңгенің бағаларға әсер етуіне, фискалдық ынталандыру, тұрақсыз инфляциялық күтулер және тұтынушылық кредиттеудің өсуі кезіндегі жоғары ішкі сұранысқа байланысты.

"Айырбастау бағамының әлсіреуі, инфляциялық күтулердің жеделдеуі, сондай-ақ инфляцияның нақты динамикасының өсуі аясында жиынтық ақша-кредит шарттары біршама жеңілдеді. Осыған байланысты негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы жаңартылатын келесі шешімде Комитет инфляцияны 5%-дық таргетке қарай орнықты түрде төмендеу траекториясына қайтару үшін ақша-кредит саясатын қосымша қатаңдату қажеттілігін анықтайды".ҚР Ұлттық Банкі

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2025 жылғы 7 наурызда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!