Ұлттық Банк басшысы несиелік шектеуге қатысты өз көзқарасын білдірді

18:14, 5 маусым 2026

© Фото: zakon.kz

ҚР Ұлттық Банкі төрағасы Тимур Сүлейменов 2026 жылғы 5 маусымда өткен брифинг барысында заемшы кірісіне қатысты борыш коэффициентінің шекті мәнін белгілеу жоспарына байланысты түсініктеме бере кетті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Заемшы кірісіне қатысты борыш коэффициентінің (КБК) шекті деңгейін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап белгілеу жоспарланып отырғаны белгілі. Журналистер бас банкирден аталған шараның неге кейінге қалдырылғанын сұрады.

"Ұлттық Банк пен ҚНДРА-ның іске асырған құралдар жиынтығы өз рөлін атқарды, кепілсіз несиелеу деңгейі айтарлықтай баяулады, біз оны одан әрі баяулатқымыз келмейді, өйткені бұл да сауда қозғалысының, жалпы экономиканың, ШОБ-тың және т.б. бір бөлігі болып табылады. Сондықтан біз 1 шілдеден бастап енгізгіміз келген кейбір шараны кейінге қалдырдық, бірақ мониторингтік режимде оны 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін қарайтын боламыз. Егер бәрі тұрақты және бақылауда болса, біз бұл мәселені қайта қарауымыз мүмкін. Бірақ, егер тұтынушылық несиелендірудің күрт өскенін байқасақ, онда оны іске қосуымыз мүмкін", – деді Тимур Сүлейменов.

Оның орынбасары Ақылжан Баймағамбетов қазіргі уақытта талқыланып жатқан қаулы жобасында КБК-ның жалпы деңгейі 8 жылдық табыс деңгейінде белгіленетінін еске салды.

"Сегіз жылдық кіріс - бұл кепілсіз несиелер, ипотека және автокөлікті қамтитын жалпы қарыз. Ол 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап белгіленіп, іске қосылады деп жоспарлануда... Ұлттық Банк бұл жоспарлардан бас тартқан жоқ, біз мониторинг жүргізетін боламыз. Банктермен бұл мәселені біз белсенді түрде талқыладық және ортақ түсіністік бар. Біз жалпы банктердің кредиттік саясаты жеткілікті түрде ақылға қонымды екенін көріп отырмыз, олар тәуекелдерді бағалап отырады, ешқайсысы бес жылдық табысқа кепілсіз тұтынушылық қарыз береді деп ойламаймын", – деп сөзін түйіндеді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары.

Бұған дейін Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің төмендеуі қазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететінін айтқан болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!