Ұлттық банк банкноттарды айырбастауға қатысты мәлімдеме жасады

10:10, 28 ақпан 2024
116

© Сурет: Zakon.kz

Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) "Сақ стилі" жаңа сериясының банкноттарын шектеусіз айырбастайды. Бұл процесс туралы егжей-тегжейлі Zakon.kz тілшісіне ҚҰБ қорларды талдау және жоспарлау басқармасының бастығы Серікжан Майданов айтып берді.

Қазақстан Ұлттық Банкі жаңа "Сақ стилі" сериясының банкноталары бірнеше жыл ішінде біртіндеп айналымға шығатынын еске салады.

"Дегенмен, ескі және жаңа банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі белгіленеді. Бұл стандартты түрде – 1 жыл, бірақ Ұлттық Банк бұл мерзімді ұзартуға құқылы. Айналымда параллель жүретін кезең аяқталған соң барлық банк пен Қазпошта ескі үлгідегі банкноталарды тағы 3 жыл ішінде жаңа үлгідегі банкноталарға айырбастайтын болады. Ал Ұлттық Банктің филиалдары ескі үлгідегі банкноталарды мерзімсіз қабылдай береді!" Серікжан Майданов

Естеріңізге сала кетейік, "Сақ стилі" жаңа сериясымен жаңартылған номиналы 5 000 теңгелік банкноталар айналымға 2023 жылы 25 желтоқсанда шығарылды. Ал 2024 жылдың жаз мезгілінде номиналы 10 000 теңгелік банкноталар шыға бастайды.

"Номиналы 5 000 теңгелік банкноталар 2024 жылдың наурыз айында жаппай айналымға түседі, себебі тиісті жабдықтарды (банкомат, терминал және т.б.) бейімдеп, елдің барлық өңіріне жеткізу үшін белгілі бір уақыт қажет." Серікжан Майданов

Жалпы, осы серия аясында 2025 жылдың соңына дейін жаңа сериядағы банкноталардың барлық номиналдарын айналымға кезең-кезеңімен шығару жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 12 маусымынан бастап Қазақстанда 2006 жылдан бастап және одан кейін шығарылған барлық банкноталарды айырбастаудың мерзімсіз кезеңі жұмыс істейді.

ҚҰБ филиалдарының мекенжайы мен байланыс деректері туралы ақпаратты ҚҰБ сайтындағы "Аумақтық филиалдар" бөлімінен табуға болады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!