Үкімет білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы қаржыландыру тетігін қайта қарастырмақ

15:55, 17 қаңтар 2026

© Фото: zakon.kz

Үкімет білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі тетіктерін жүйелі түрде реформалауды бастады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Ол жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаттарын реформалау қажеттігі туындап отырғанын баса атап өтті.

"Мемлекет басшысы таяуда Түркістан газетіне берген сұқбатында білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін реформалау туралы атап өтті. Бұл ретте, ең алдымен, жекеменшік мектептерді, балабақшаларды, даму орталықтарын және медициналық емханаларды жан басына сәйкес қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Осыған байланысты Үкімет жекеменшік ұйымдарға берілетін мемлекеттік тапсырыстың тетіктеріне жан-жақты талдау жүргізіп, бірқатар көкейкесті мәселелерді анықтады. Атап айтқанда, жүйелерді ауқымды цифрландыру барысында бұрын байқалмаған заң бұзушылықтар мен олқылықтарды анық көрсетті. Бұл өз кезегінде аталған салалардағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына сай келмейді. Кейінгі сегіз жылда жекеменшік мектептердің саны 7 есе артты. Бүгінде олар 785-ке жетті, соған сәйкес бюджетке түсетін салмақ та күрт көбейді. Шығындар 2020 жылы 13 млрд болса, 2025 жылы 242 млрд-қа дейін өсті. Ал 2020 мен 2025 жылдар аралығындағы инвестициялық шығын 111 млрд теңгені құрады. Бұл қаражатқа шамамен 35 жаңа мектеп салуға болады. Соған қарамастан басты мақсат - орын тапшылығы мәселесін әлі де жоя алмадық". Аида Балаева

Оның айтуынша, 2025 жылы бұл жетіспеушілік 251 мың орынға жетті, бұл - облыстағы бір қаланың халқымен бірдей көрсеткіш.

"Жекеменшік мектептердің көбеюі білім сапасының төмендеуіне алып келді. Көптеген білім ошақтары нақты қажеттілікті ескермей, ретсіз ашылды.Мәселен, олардың 80 пайызы жалға алынған ғимараттарда жұмыс істейді. Ал директорлар біліктілігі мәселесі де сын көтермейді. Мектеп ғимараттары бизнес меншігінде қалып отырн, 20 жылдан кейін олардың түпкі мақсаты да өзгеріп кетуі мүмкін. Бұл жүйеге деген сенімді азайтып, бюджет қаражатының тиімділігіне күмән тудырады. Сондықтан жағдайды түбегейлі өзгерту бойынша жүйелі жұмыс басталды. Жаңа қаржыландыру тетігі пилоттық түрде іске қосылды. Мектептер толық цифрландырылып, бюджетке сәйкес реттелді. Бірақ бұл - биылғы оқу жылының соңына дейінгі уақытша шара. Негізгі міндет - жүйені толық қайта қарау. Ең алдымен, мемлекеттік тапсырыс нақты өңірлік қажеттілікке сай болға тиіс". ҚР премьер-министрінің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі

Аида Балаева жаңа мектептерге мемлекеттік тапсырыс беруге мораторий енгізу ұсынылып отырғанын да баса атап өтті.

"Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде тек инвестициялық шығындарды өтеу тетігін қалдыру көзделуде. Сондай-ақ білім беру саласындағы бюджет шығындарын оңтайландыру мақсатында ірі мегополистерді қосапағанда, студенттік жатақханаларды қаржыландыруды тоқтату мәселесі қарастырылуда. Бұл ретте барлық құқықтық, әлеуметтік тәуекелдер ескеріледі, бағдарламаны кезең-кезеңімен тоқтату немесе шарттарын қайта қарау нұсқалары қаралуда", - дейді ол.

Министр дәл осындай мәселелер медицина саласында да байқалатынын айтады. Үкімет азаматтардың өтініштерін ескере отырып, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылатын жекеменшік медициналық ұйымдардың қызметіне талдау жүргізуде.

"Елімізде 20 миллионнан астам адам 698 бастапқы медициналық көмек ұйымына тіркелген. Соның 336-сы, яғни шамамен 48 пайызы - жекеменшік. Оларға тіркелген халық саны 5 млн 600 мың адам, бұл - ел халқының шамамен 25 пайызы. 2020 жылдан бастап алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсететін жекеменшік емханалардың саны 215-тен 336 ұйымға дейін артты, ал тіркелген халық 3 милллионнан 5 миллион 600 мыңға дейін өсті. Бүгінде алғашқы медициналық көмек ұйымдары республикалық бюджет есебінен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жан басына сәйкес қаржыландырылады. Ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл міндеттер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен жүзеге асырылады.Алайда жеке емханалардың саны көбейіп, оларға тіркелген халық екі есеге жуық артқанымен, бұл медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарта қойған жоқ. Бүгінде қосарланған қаржыландыру фактілері бар, кей қызметтер міндетті және ерікті сақтандыру арқылы қатар төленуде, кейде көрсетілмеген қызметтерге ақы алу жағдайлары кездесетеді. Тіпті, лицензиясыз, тиісті жабдықсыз жұмыс істеген үйымдар да бар, бұл мәселерді тек жүйелі өзгерістермен, толық цифрландыру арқылы шешуге болады", - дейді Балаева.

Сондай-ақ ол Денсаулық сақтау министрлігі халықтың нақты қажеттіліктеріне, демографиялық және халықтың көші-қон деректеріне сүйене отырып, медициналық көмекті жоспарлауға көшіп жатқанын жеткізді.

"Белсенді емес пациенттерді қаржыландыру жүйесінен шығару жоспарланып отыр. Тіркелу талаптары күшейтіліп, шағын емханалар біріктіріледі, ал қаржыландыру көзі ең тиімді - мемлекеттік және ең сенімді жеке емханаларға бағытталады. Қосарланған төлем мен жалған есепті болдырмау үшін бірыңғай цифрлық бақылау енгізіледі. Барлық жүйелер біріктіріледі. Пациент көрсетілген қызметті мобильді қосымша арқылы өзі растайды. Бұл азаматтардың құқығын қорғайды. Сонымен бірге сапаны бақылау күшейе түседі. Тәуекелге бағдарланған қадағалау жүйесі енгізіліп, лицензиялау талаптары қатаңдайды. Сапаны қадағалайтын бірыңғай мемлекеттік жүйе жасалып, ұлттық сапа институтын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар жеке медициналық ұйымдардың қызметі кешенді түрде тексеріледі. Ұсынылып отырған барлық шаралар жан басына сәйкес қаржыландыру жүйесін жетілдіруге бағытталып отыр. Біздің мақсатымыз - қаржыландыру жүйесін әділ, ашық және тиімді ету. Ең бастысы, бюджеттен бөлінетін қаражат халықтың игілігіне, білім мен денсаулық сапасын жақсартуға жұыс істеуге тиіс", деп сөзін түйіндейді Аида Балаева.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!