Түркістанда шу шықты: көпбалалы аналарға үй сыртынан беріліп, сатылып кеткен

09:41, 11 желтоқсан 2019

Түркістанда "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша жалға берілген пәтерлерден өзіне үш бөлмелі баспана бұйырғанын көпбалалы ананың бірі кездейсоқ, онда да екі жылдан соң бір-ақ білген, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.

"Алты баланың анасы Халима Қаюмова жалдап отырған пәтер осы. Шағын үй Түркістанның шеткері аумағында орналасқан. Көпбалалы ана шиеттей баласымен орталықта ешкім баспанасын жалға бере қоймайтынын айтады. Мына жалдамалы үй үшін Халима балаларының аузынан жырып, ай сайын 20 мың теңге төлейді. Үйдің іші тас суық. Жалғызбасты келіншек отынын үнемдеп, бір ауық жылытады. Өзі күнұзақ базарда нан сатып күн көреді. Сондықтан балаларын былтырдан бері мектеп-интернатқа беріпті. Үй кезегіне 2013 жылы тұрған. Бірақ мамандар үнемі "кезек келмеді" деп қайтаратын көрінеді. Сөйтсе оған 2 жыл бұрын 3 бөлмелі пәтер бұйырыпты", - дейді телеарна тілшісі.

Халима ҚАЮМОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ КӨПБАЛАЛЫ АНА:

- Менің атыма АКТ шыққан, договор бәрі, шешім барлығы менің атыма шыққан. Барлығын көрсетті. Сөйтіп сенбедім, ертең келіңіздер, үйлеріңізді барып көрсетеміз деді. Бардық біз ол жерге барсақ, ол жерде ешкім есікті ашпады.

Кейін белгілі болғандай, ол баспананда әлі күнге бөтен біреу тұрып келеді, басқа біреу сатып алған көрінеді. Пәтер дауы сотта қаралып жатыр. Түркістан қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі пәтерде заңсыз тұрып жатқандарды мәжбүрлеп шығару үшін сотқа жүгінген.

Халима ҚАЮМОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ КӨПБАЛАЛЫ АНА:

- 3 желтоқсанда өткен сотта айтты, мойындады: мен бұл үйді кезекке тұрмай алдым, деді. Бәрін мойындап тұр ол кісі.

- Сатып алған ба?

- Сатып алған. 3 млн теңге беріп, Шырын деген әйелден сатып алдым деді. Ол кісі мен білмеймін, менің паспортымды қайдан алғанын копиясын, менің подписімді қойған, мен ол әйелді мүлдем танымаймын.

Түркістандағы Отырар шағын ауданына қарасты пәтерін ала алмай жүргендердің тағы бірі - Мейрамгүл Алдабергенова. Төрт баланың анасы заңды баспанасының әзірге сыртынан қайтып жүр. Айтуынша, пәтер үлестіруге құзырлы бұрынғы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы алдап келген көрінеді.

Мейрамкүл АЛДАБЕРГЕНОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

- "Доскіден көріп кете беріңдер"- деп қайтара береді... Орнына құдай бар ау деп ойлаймын, Жәнібек деген жігіт келіп "үйіңіз осындай, сізге беріліп қойған" деді. Оған да шүкір. Келем, постоянно адам болмайды бұл үйде. Квартираға ақша төлеумен-ақ өміріміз өтіп жатыр.

Тұрғын үй қатынастары бөлімінің мамандары Түркістанда жалпы 29 пәтердің заңсыз беріліп кеткенін анықтаған. Кейбірі баспаналарды өз бетінше босатыпты да. Қазір 15 пәтердің дауы сотта қаралып жатқаны белгілі болды.

Жәнібек КӨПЕЕВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

- Жалған құжат жасап берген азаматтарды анықтау бойынша біздің бөлім тарапынан ішкі істерге, прокуратураға хат жолданды. Осы кісілердің пайдасына шешіледі сот процесі. Себебі бұл кісілер заңды иесі, неше жылдан бері кезек реттілігімен күтті.

Ал әзірге пәтер жағалап жүрген Халима балаларын аптасына бір көрінеді. Сағынышын басу үшін арасында мектеп-интернатқа барып тұрады. Айтпақшы, материал эфирге әзірленіп жатқанда Түркістанның полиция басқармасы "жалған құжаттар жасау" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары әлі де жүріп жатқанын хабарлады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!