Тоқаевтың G20 саммитіне қатысуы және тікелей рейстің ашылу мерзімі: Қазақстан мен АҚШ Монреальда не талқылады

08:30, 19 қараша 2026
MKZ: 1578535

© Сурет: Zakon.kz

ҚР көлік вице-министрі Талғат Ластаев Монреальда АҚШ көлік министрінің авиация және халықаралық қатынастар жөніндегі көмекшісі Дэниел Дж. Эдвардспен кездесті. Бұл туралы 2026 жылғы 19 қарашада ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

АҚШ делегациясының басшысымен кездесу Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында өтті.

"Келіссөздердің негізгі тақырыбы Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу және азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту болды. Кездесуде Қазақстан президентінің биыл желтоқсанда АҚШ-тың Майами қаласында өтетін G20 саммитіне шақырылғаны да айтылды", – деп хабарлады ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасының (FAA) бірінші санатын алу үшін жұмысты жалғастырып жатыр. Қыркүйекте америкалық сарапшылар аудит жүргізіп, оның алдын ала нәтижелерін ұсынған. Олар Қазақстанның жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өткен.

"Кездесуде Қазақстан мен АҚШ арасында 2027 жылдың соңына дейін тікелей рейс ашу жоспары да сөз болды", – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.

Талғат Ластаев Көлік министрлігі екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашуға мүдделі екенін және осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

"Екі ел арасында жасалған "Ашық аспан" туралы келісім бұл бастаманы іске асыруға берік құқықтық негіз қалайды. АҚШ-тың авиация саласындағы уәкілетті органдарымен арадағы сындарлы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Қалған рәсімдер жақын арада аяқталады деп сенеміз", – деді Талғат Ластаев.

Кездесуде қазақстандық әуе компанияларының ұшақ паркін жаңарту мәселесі де сөз болды. Air Astana 2026–2027 жылдары үш Boeing 787 Dreamliner ұшағын қабылдап алуды күтіп отыр. Компания бұл ұшақтарды АҚШ-қа қатынайтын рейстерге пайдалануды жоспарлап отыр.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылы америкалық Boeing компаниясымен жалпы құны 15 млрд доллар болатын 33 ұшақты жеткізу туралы келісімдер жасалған. Ведомство тараптардың бұл уағдаластықтарға Қазақстан президентінің биыл ақпанда АҚШ-қа жасаған жұмыс сапары кезінде қол жеткізгенін хабарлады.

Вице-министрдің айтуынша, тікелей әуе қатынасының ашылуы Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың дамуындағы маңызды кезең болмақ. Тікелей рейстер екі ел арасындағы іскерлік және туристік байланыстарды нығайтып, бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ Орталық Азия мен АҚШ арасындағы көлік байланысын жақсартады.

Кездесу соңында тараптар келіссөздерді жалғастыруға мүдделі екенін растады. Олар тікелей әуе қатынасын ашуға және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қатысты практикалық мәселелерді бірлесіп шешуге дайын екенін білдірді.

Бұған дейін, 2026 жылғы 20 қазанда, Талғат Ластаев Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейстер қашан ашылуы мүмкін екенін айтқан еді. Оның болжамынша, Қазақстан жыл соңына дейін АҚШ-қа рейс орындауға ресми рұқсат алады. Вице-министр тікелей әуе қатынасын ашу мерзімінің неліктен кейінге шегерілгенін де түсіндірген.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!