Тоқаев: Соңғы 5 жылда біз ауқымды саяси реформалар жүргіздік

12:26, 27 маусым 2024

© Сурет: akorda.kz

2024 жылғы 27 маусымда БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз дамудың жаңа сатысына қадам басқанына тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, біз соңғы 5 жылдың ішінде ауқымды саяси реформаларды жүзеге асырдық.

"Қазақстанның саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Парламенттің ықпалы, Үкіметтің жауапкершілігі айтарлықтай артты. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік орныға түсті. Саяси партиялардың қоғамдық рөлі күшейді. Азаматтарымыз өз ой-пікірлерін ашық айтып, қоғамда белсенді болуына мүмкіндік беретін нақты тетіктер пайда болды. Сайлау жүйесін жетілдірдік. Ауыл, аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Бір сөзбен, саяси және қоғамдық мәдениет үлкен өзгеріске ұшырады." Президент

Ең маңызды бастаманың бірі – Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды.

"Осы шешімнің саяси мән-мағынасы ерекше, бұл – мемлекет басқару ісінде жаңа стандарт қалыптастыратын маңызды қадам. Реформалар, өзгерістер әлі де жалғаса береді. Ең бастысы, бұл өзгерістер – халықтың таңдауы. Сондықтан біз ешқашан кері қайтпаймыз, тек алға қарай жүреміз." Қасым-Жомарт Тоқаев

Біз экономикалық дамудың нақты бағытын айқындадық. Бір сөзбен, озық ел болу үшін ауқымды жұмысты қолға алдық, - деді президент.

"Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жалпыға ортақ құндылықтар туралы айтқанымды білесіздер. Мұның бәрі ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін айрықша маңызды. Ашығын айтсақ, осы құндылықтарды қоғам санасына орнықтыру журналистерге тікелей байланысты. Ақпарат өкілдері болмаса, оны жұртқа жария ету мүмкін емес. Сондықтан журналистер қауымы осы маңызды жұмысқа зор жауапкершілікпен қарайды деп сенемін. Біз әрбір сөзімізді қоғамды түзеуге жұмсасақ, болашағымыз да баянды болары хақ." Президент

Еске сала кетейік, Қазақстанда БАҚ қызметкерлері күні 28 маусымда тойланады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!