Құралай Садықова: Конституциялық трансформация – маңызды бетбұрыс

18:36, 12 ақпан 2026

© Сурет: Zakon.kz

Елімізде жүріп жатқан конституциялық реформалар мемлекет дамуының жаңа кезеңін айқындайды. Қазіргі қолданыстағы Ата заң 30 жылдан аса уақыт бойына эволюциялық даму арқылы бүгінге дейін қызмет етіп келсе, жаңа Конституция жобасы саяси-құқықтық жүйені түбегейлі жандандыруды көздейді.

Бұл туралы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры, PhD Құралай Садықова пікір білдірді.

Оның айтуынша, қазіргі Конституция тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі жас мемлекет үшін мемлекеттік институттарды қалыптастыру мен билік жүйесін орнықтыруға бағытталды. Адам құқықтарын жариялай отырып, басқару жүйесінің тиімділігіне, орталықтандырылған билік пен жаңа мемлекеттің орнықтылығына негізгі басымдық берді. Бұл сол кезеңдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлерге сай қадам еді.

"Конституциялық реформалар аясында әзірленген жаңа Конституция жобасының маңызды ерекшелігі – оның адамға бағдарланған сипатында. Адам басқару объектісі емес, басқару субъектісі ретінде мемлекеттік-құқықтық құрылымдар мен институттардан жоғары, оларды қалыптастырушы негіз ретінде институционалдық деңгейге қойылды. Жоба мәтінінде адам құқықтары кеңейтіліп, нақтылана түсті. Атап айтқанда, цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау, "Миранда ережесінің" конституциялық деңгейде бекітілуі, адвокатураға арналған жеке баптың енгізілуі, бір құқық бұзушылық үшін қайта жауапқа тартуға тыйым салудың күшейтілуі, заңдардың кері күшіне тыйым салу қағидатын нақтылау құқық қолдану тәжірибесінде азаматты қорғау тетігін күшейтеді", - дейді сарапшы.

Құралай Садықова адам құқықтарын жоғары құндылық ретінде тану мемлекеттің кез келген саяси немесе әкімшілік шешімнен басым тұратын құқықтық ұстаным екенін тілге тиек етті. Цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қорғау нормасының енгізілуі Ата заңды технологиялық трансформация дәуіріне бейімдейтінін, ал жеке деректерді қорғау мемлекеттің цифрландыру процесіндегі жауапкершілігін нақтылайтынын жеткізді.

"Осылайша, "адам үшін мемлекет" парадигмасы конституциялық тұғырда жарияланып отыр. Адам құқықтарының кеңеюі тек құқықтық кепілдіктерді арттыру емес, мемлекеттік билікті заңдастыру табиғатын қайта пайымдау ретінде көрінеді", - деді ол.

Сарапшының пікірінше, жаңа Конституция жобасының тағы бір айтарлықтай ерекшелігі – преамбулада тарихи сабақтастық пен мемлекеттілікке басымдық бере отырып, ұлттық бірегейлігіміз туралы норманың көрініс табуы.

"Байырғы қазақ жерінде", "Ұлы Даланың мыңжылдық тарихы" секілді айқындаулар тарихи құндылықтарға маңыз беріп, негіз құраушы қағидаттардың бірі ретінде тарихи-мәдени мұраны сақтауды бекітеді. Бұл тарихи сабақтастық – тек өткенге сілтеме жасау емес, сонымен бірге мемлекеттіліктің өзгермейтін іргетасын айқындау. Ұлттық бірегейлік – символикалық, декларативті бағдар емес, алғаш рет конституциялық деңгейдегі құндылықтық-қағидаттық негізге айналып отыр. Жоба мәтінінде Егемендік, Тәуелсіздік, унитарлық ұғымдары да мызғымас құндылықтар ретінде бекітілді. Преамбуладағы "Әділетті Қазақстан", "Заң мен Тәртіп" қағидаттары тарихи сабақтастықты құқықтық-азаматтық мазмұнмен толықтырды. Ұлттық бірегейлік тарихи мазмұнмен қатар құқықтық мемлекетпен, әділетті қоғам идеясымен ұштасады", - деді сарапшы.

Құралай Садықованың айтуынша, жобаның тағы бір артықшылығы – білім, ғылым, инновацияны стратегиялық бағыт ретінде бекітуі. Бұл сабақтастық пен бірегейліктің тек өткенге емес, болашаққа бағдарланғандығын қисынды түрде ұштастыратынын жеткізді.

"Сонымен бірге, этносаралық, конфессияаралық татулық қағидаттары ұлттық бірегейліктің ортақтастырушы сипатын көрсетіп, біртұтас Қазақстан халқы ұғымына негізделген азаматтық тұтастыққа сүйенеді", - деді Басқару институтының директоры.

Құралай Садықованың пікірінше, осы айтылғандардың негізінде реформаны конституциялық трансформация үрдісі деп сипаттауға негіз бар.

"Жаңа Конституция жобасы елдің саяси-құқықтық дамуын тың деңгейге шығаруды мақсат етеді. Осыған дейін қолданылып келген тұрақтылыққа негізделген модельді одан әрі нығайтып, адам құқықтары, ұлттық бірегейлік, әділдік пен қоғамдық сенім сияқты іргелі ұстанымдар арқылы заманауи сын-қатерлерге жауап бере алатын басқару жүйесімен толықтырылады", - деп сөзін түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жаңа Конституцияның жобасы жарияланғанын хабарлаған едік.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!