Тоқаев: Мемлекет беделі артса, қазақ тілінің де абыройы артады

12:18, 10 қараша 2026
MKZ: 1576911

© Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің мәртебесі мен қоғамдағы орны туралы пікір білдірді. Өз сөзінде мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің абыройы елдің дамуымен және халықаралық беделімен тығыз байланысты екенін атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліне құрметпен қарау әр азаматтың адами әрі азаматтық борышы екенін айтты.

"Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес", – деді Президент.

Оның сөзінше, мемлекеттік тілдің қуатты болуы үшін ел экономикасы дамып, инновация мен технология саласында озық жетістіктерге жетуі керек.

"Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент білім беру саласында қазақ тілінің қолданысы артып келе жатқанын жеткізді. Бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде білім алып жатыр.

Мемлекет басшысының мәліметінше, биыл мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданған. Бұған қоса, колледждер мен жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерінің саны көбейген.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!