«Күш – білекте емес, жүректе». Тоқаев Азия рекордын жаңартқан Айсұлу Сүлейменованың қайсарлығын атап өтті

13:46, 9 қараша 2026
MKZ: 1576703

© Сурет: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартқан параспортшы Айсұлу Сүлейменованың жетістігіне тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Айсұлу Сүлейменова қазақтың рухы биік, намысы зор батыр қыздарының жолын лайықты жалғастырып келеді. Ол тағдырдың қиын сынағына тап болса да, тек қана алға ұмтылып, көпке үлгі болып жүр. Қазір Құрылтай депутаты ретінде азаматтық борышын адал атқарып, ел игілігі үшін қызмет етіп келеді", – деді Мемлекет басшысы.

Президент параспортшылардың табандылығы ерекше құрметке лайық екенін айтты.

"Қазақ "Күш – білекте емес, жүректе" дейді. Расында асқақ арман мен мұқалмас жігер тоғысқан жерде алынбайтын асу жоқ. Сондықтан параспортшылардың бойындағы жанкештілік пен табандылық әрдайым зор құрметке лайық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, спорт саласы әрдайым мемлекеттің басты назарында. Былтыр "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңға бірқатар маңызды түзету енгізіліп, мемлекеттік деңгейде басымдық берілетін спорт түрлері айқындалды.


"Соңғы бес жылда елімізде спорт саласын дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жалпы, қазір осындай нақты шаралар өз нәтижесін беріп жатыр деуге болады. Спортшыларымыз жаһандық аренада жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мемлекетіміздің беделін көтеріп жатыр", – деді Президент.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!