Тоқаев Марокко мен Кубаға жаңа елшілерді тағайындады: олар туралы не белгілі

13:48, 31 қазан 2026
MKZ: 1575307

© Фото: zakon.kz

2026 жылғы 31 қазанда Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Айнұр Дәненова мен Олжас Исабековтің өмірбаянын жариялады. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оларды Қазақстанның Марокко мен Кубадағы жаңа елшілері етіп тағайындаған еді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, Айнұр Дәненова 1980 жылғы 7 желтоқсанда Қостанай қаласында дүниеге келген. 2000 жылы Сорбонна университетін (Париж, Франция), 2003 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Халықаралық құқық маманы, заңгер.

Айнұр Нұрланқызы еңбек жолын 2003 жылы Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымы миссиясының бағдарламалар жөніндегі ассистенті болып бастаған. Бұл қызметті 2007 жылға дейін атқарған. Одан кейін 2007-2008 жылдары БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының штаб-пәтеріндегі Еуропа бойынша өңірлік өкілдігі басшысының орынбасарының ассистенті, 2008-2009 жылдары БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілдігінің туризмді дамыту мәселелері жөніндегі ұлттық кеңесшісі болған.

Сондай-ақ 2009-2011 жылдары БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Қазақстандағы өкілдігінде босқын мәртебесін айқындау мәселелері бойынша ұлттық кеңесші қызметін атқарған.

2014-2019 жылдары Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінде екінші, кейін бірінші хатшы болған. 2019 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, 2019-2020 жылдары СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің гуманитарлық ынтымақтастық және адам құқықтары басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

2020-2025 жылдары Қазақстанның Франциядағы елшілігінде кеңесші-елші болған. Ал 2025-2026 жылдары Қазақстан Сыртқы істер министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.

Айнұр Дәненованың дипломатиялық дәрежесі – I сыныпты бірінші хатшы. Француз, ағылшын және испан тілдерін меңгерген.

Олжас Исабеков 1979 жылғы 26 маусымда дүниеге келген. 2000 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, 2004 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдаған.

Олжас Әзілұлы дипломатиялық қызметін 2000 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Экономикалық саясат департаментінде референт, атташе болып бастаған. 2002 жылы СІМ Инвестициялар комитетінің үшінші хатшысы, 2004 жылы Еуропа және Америка департаментінің екінші хатшысы қызметтерін атқарған. 2004-2007 жылдары Қазақстанның Испания Корольдігіндегі елшілігінде үшінші, кейін екінші хатшы болған.

2007-2012 жылдары Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінде екінші, кейін бірінші хатшы қызметін атқарған. 2012-2013 жылдары "ConocoPhillips North Caspian Ltd." компаниясының сыртқы байланыстар және үкіметпен байланыс жөніндегі директоры, 2013-2019 жылдары Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы экономикалық саясат департаментінің директоры болған.

Сонымен қатар 2019 жылы СІМ-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, 2019-2021 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

2021-2022 жылдары Қазақстанның Куба Республикасындағы елшілігінде кеңесші-елші, 2022-2023 жылдары Қазақстанның Мексика Құрама Штаттарындағы елшілігінде кеңесші-елші әрі уақытша сенімді өкіл болған. 2024-2025 жылдары "Kazenergy" қауымдастығының сыртқы байланыстар және коммуникациялар департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған.

2026 жылғы мамырдан бастап жаңа тағайындауға дейін Қазақстан Сыртқы істер министрінің кеңесшісі болды.

Олжас Исабековтің дипломатиялық дәрежесі – I сыныпты кеңесші. Ағылшын және испан тілдерін меңгерген.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!