Мұнай қымбаттап жатыр, ал теңге бағамы неге нығаймайды - сарапшы пікірі

19:50, 30 қазан 2026
MKZ: 1575238

© Сурет: pixabay

Қазан айында Қазақстанның валюта нарығы қайшылыққа толы болды. Brent маркалы мұнай шамамен 10,5%-ға қымбаттап, әлемдік нарықта америкалық ақша бағамы біршама әлсіреді, ал ресейлік рубль нығайды. Алайда теңге бағамының әлсіреуі тыйылмады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазан айының алдын ала деректері бойынша, 1 АҚШ долларының бағамы 441,9 теңгеден 453,9 теңгеге дейін немесе 2,7%-ға өсті. Қарастырылып отырған кезеңдегі орташа бағам 450,9 теңгені құрады.

Негізінен, сыртқы конъюнктура қолайлы қалыптасуда. Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 102 доллардан 113 долларға дейін өсті, доллар индексі (DXY) 102,1-ден 101,7 тармаққа төмендеді, ал ресейлік рубль долларға шаққанда 83,6-дан 80,7-ге дейін нығайды. Ұлттық валюта бағамы да мұндайда нығаюы тиіс еді. Алайда, шынайы көрсеткіш басқалай. Мұның себебін экономист Руслан Сұлтанов былай түсіндіреді:

"Әдетте, мұндай жағдайлар экспорттық түсімнің өсуі мен сыртқы сауда кірістерінің жақсаруына деген үмітпен қазақстандық валютаны қолдауға тиіс болатын. Алайда мұнайдан түсетін табыс бірден бюджетке түспейді, біртіндеп келіп, кезең-кезеңімен конвертацияланады. Ал импорттаушылардың валютаға деген сұранысы тікелей есепайырысу кезінде пайда болады. Валюталық түсімдер мен төлемдер арасындағы осы уақытша алшақтық қазан айындағы теңгенің әлсіреуіне қатысты факторлардың бірі болуы мүмкін".

Оның айтуынша, ішкі сұраныс маңыздырақ болып шықты

"Қазан айында компаниялардың теңгеге деген қажеттілігін арттырып, валюта түсімін сатуға ынталандыратын ірі тоқсандық ҚҚС төлемдері болған жоқ. Сонымен қатар, импорттаушылар мен сыртқы есепайырысуларды жүзеге асыратын компаниялар тарапынан долларға деген сұраныс сақталып қалды. Валюталық және теңгелік құралдардың салыстырмалы тартымдылығын өзгертетін базалық сыйақы мөлшерлемесінің біртіндеп төмендеуі де қосымша әсер еткен болуы ықтимал", деп жазады ол Tengenomika Telegram арнасында.

Қазан айының басында Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы орташа айлық бағамның үш сценарийін ұсынған болатын:

  • оптимистік – 443,7 теңге.
  • базалық – 461,1 теңге.
  • пессимистік – 478,5 теңге.
"Алдын ала орташа көрсеткіш 450,9 теңге болып, оптимистік сценарийге ең жақын болып шықты. Ауытқу 7,2 теңгені немесе 1,6%-ды құрады. Теңгенің әлсірегеніне қарамастан, қарастырылып отырған кезеңдегі орташа бағам базалық болжамды деңгейден едәуір берік күйінде сақталды", - дейді экономист.

Оның айтуынша, қараша айында 2026 жылдың III тоқсаны үшін ҚҚС төлеу мерзімі басталады.

"Бұл теңгелік өтімділікке деген сұранысты арттырып, валюталық түсімді қосымша сатуға түрткі болуы мүмкін. Ықтимал қолдаудың ауқымы конвертацияның нақты көлеміне және шетел валютасына деген қарсы сұранысқа байланысты болады. Қазан айы көрсеткендей, мұнайдың жоғары бағасы қолайлы сыртқы жағдайлар тудырады, бірақ қысқа мерзімді бағам ел ішіндегі валюта ағындарының теңгерімімен анықталады. Бизнес үшін бұл валюталық міндеттемелерді басқару кезінде төлем күнтізбесін, импорттық сұранысты және экспорттық түсімнің түсетін мерзімін ескеру қажет екенін білдіреді", - дейді Руслан Сұлтанов.

Бұған дейін Қолданбалы экономика зерттеулері орталығы (AERC) 2026 жылға арналған халықтың нақты ақшалай табысы өсімінің болжамын 4,5%-дан 2,8%-ға дейін төмендеткенін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!