Тоқаев еліміздің үш қаласында салынатын ЖЭО бойынша РФ-мен әріптестік жайына тоқталды

22:13, 27 қараша 2024

© Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысы бір жыл бұрын тараптардың энергетика секторындағы серіктестігін нығайтуға мүмкіндік беретін Қазақстан мен Ресейдің энергетикалық жүйелерінің қосарлас жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы үкіметаралық келісімге қол қойылғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Ақорда жазады.

"Көкшетау, Семей мен Өскемен қалаларындағы жылу электр станцияларының құрылысы бойынша нақты келісім жасалды. Серіктестігіміз жаңартылатын қуат көздері саласында да белсенді дамып келеді. Ресей тарапының қатысуымен елімізде жалпы қуаты 370 МВт болатын жобалар пайдалануға берілді. Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында жақын арада 1 ГВт экологиялық таза қуат көзін іске қосу жоспарланған", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент биыл Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасының қабылданғанына бес жыл толғанын айтты. Аталған бағдарлама аясында жалпы инвестиция көлемі 18,5 миллиард долларға жуықтайтын 93 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыс орны пайда болды.

"Биыл "Татнефть" компаниясының қатысуымен Саран қаласында жылына 3,5 миллион шина шығаратын зауыт ашылды. "КамАЗ" компаниясымен серіктестік негізінде машина жасауға арналған құрал-жабдықтардың жергілікті өндірісі қолға алынды. Қазан айында Қостанайда жылына 40 мың тоннаға дейін шойын құймасын шығаратын ауқымды жоба іске қосылды. Келесі жылы көліктің қозғалтқыш белтемірінің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауытты ашу жоспарланған. Қазіргі кезде жалпы инвестиция көлемі 29,5 миллиард доллардан астам 49 жоба іске асырылып жатыр. Бұл 20 мың адамды жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар Жамбыл облысында "ЕвроХим" және "Уралхим" компаниялары минералды тыңайтқыштар өндіретін ауқымды жобаларға кірісті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Ресей агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге әлеуетті екенін айтты.

"Осы жылы диқандарымыз қамбаны астыққа толтырып, 27 миллион тоннаға жуық өнім жинады. Бұл рекордтық көрсеткіш еліміздегі тың жерлерді игерудің басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Бұдан бөлек, біз негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті төмендету үшін бірқатар ірі жобаны бастадық. Таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізетін 116 тауарлы сүт фермасы салынады. Сондай-ақ жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, 850 миллион дана жұмыртқа шығаратын 11 құс фабрикасын пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Елдеріміздің агроөнеркәсіп саласындағы экспорттық әлеуеті орасан зор. Бізге ЕАЭО-ның ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелес болмаған жөн. Бұл интеграцияға кері әсерін тигізеді. Керісінше, ауылшаруашылық өнімдерін үшінші елдердің нарықтарына экспорттайтын негізгі хабқа айналуымыз қажет", – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистика құрылымын нығайтуды тағы бір басым бағыт ретінде атады. Мұның Қазақстан мен Ресей үшін стратегиялық мәні зор. Еліміз 2030 жылға дейін 11 мың шақырым жолды жөндеп, 5 мың шақырымнан асатын жаңа темір жол салуды жоспарлап отыр.


"Елден тысқары жерлерде заманауи мультимодальді орталықтар мен "құрғақ порттар" желісін құруға басымдық береміз. Мұндай сәтті серіктестіктің бір мысалы – Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Селятино станциясындағы жаңа көлік-логистика орталығының құрылысы. Қытайдың Сиань қаласында жуырда ғана салынған қазақстандық терминал транзит дәлізінің екінші қиырынан жүк жөнелтеді. Осылайша, Қытай – Қазақстан – Ресей бағытындағы жүк тасымалы жүйесінің негізгі тірек бекеттері пайда болады", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент туризм секторын дамыту мәселесін қозғады. Қазіргі уақытта Қазақстан 86 мемлекеттің азаматына визасыз режим ұсынады және әлемнің 31 елімен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Бұдан бөлек, басты демалыс аймақтарына көлік қатынасын жақсартуға арналған дәйекті шаралар қабылданып жатыр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!