Қазақстан алғаш рет Ресейдің ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне енді

22:33, 27 қараша 2024

© Сурет: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 27 қарашада Ақордадағы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында Қазақстан экономикасына салынған тікелей ресейлік инвестициялар көлемі 24 млрд доллардан асқанын жеткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тоқаев Ресей Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін және біздің экономикамыздағы жетекші инвесторлардың үштігіне енетінін атап өтті.

"Өз кезегінде Қазақстан екіжақты қатынастар тарихында алғаш рет Ресейдің ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне кірді, бұл біздің ынтымақтастығымыздың берік және жоғары әлеуетінің бар екендігін айғақтайтыны сөзсіз. Осы оң динамиканы сақтай отырып, біз алдағы екі жылда өзара сауда-сатық көлемін 30 млрд доллар шегінен асыратындығымызға сенімдімін. Қазақстан экономикасына салынған тікелей ресейлік инвестициялар көлемі 24 млрд доллардан асты, оның тек 4,5 млрд доллардан астамы соңғы екі жылда салынды", – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, Ресей экономикасында қордаланған қазақстандық инвестициялар 8,5 млрд долларға жетті.

"Сонымен қатар, Қазақстанда Ресейдің қатысуымен 24 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Бұл - біздің елде жұмыс істейтін шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жалпы санының жартысына жуығы. Бұл көрсеткіштер біздің стратегиялық қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтуға деген сенім мен өзара мүдденің жоғары деңгейін растайды. Өнеркәсіп саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді, 18 млрд доллардан астам сомаға 93 бірлескен жоба іске қосылды. Қазіргі уақытта жалпы инвестиция көлемі 30 млрд долларға жуық тағы 49 жоба іске асырылуда", деп сөзін толықтырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, Қазақстанның бірқатар өңірлерін газдандыру, оңтүстік және шығыс бағыттардағы ресейлік энергия ресурстары транзитінің көлемін ұлғайту, еліміздегі ірі энергетикалық объектілер салу және жаңғырту, негізгі көлік дәліздерін дамыту арқылы транзиттік әлеуетті аша түсу үшін басымдық беру жөніндегі ауқымды бастамалар ерекше назар аударуға лайық.

"Сондай-ақ біз Моңғолияға қарай автомобиль жолын салу және ауған көлік дәлізін белсенді пайдалану сияқты жобаларды іске асыру перспективаларын талқыладық. Осы бастамалардың барлығын солтүстік-оңтүстік бағыты бойынша толыққанды іске асыру елдеріміздің достас халықтарының байырғы мүдделеріне толықтай жауап беретініне сенімдімін", – деді Тоқаев.

Ол жақын күндері Маңғыстау облысының Ақтау қаласында Ресей Федерациясының Бас консулдығы ашылатынын атап өтті.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!