Теңге бағамы 2,5% -ға әлсіреді: Ұлттық Банктің желтоқсандағы валюта нарығы бойынша мәлімдемесі

14:08, 5 қаңтар 2025

© Фото: Zakon.kz

ҚР Ұлттық банкі елдің валюта нарығы бойынша алғашқы ресми хабарламасын 2025 жылғы 5 қаңтарда жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Таратылған ақпаратқа сүйенсек, желтоқсан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 525,10 теңгеге дейін 2,5%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 262 млн-нан 254 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 5,3 млрд АҚШ долларын құрады.

"Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін желтоқсанда 900 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 17%-ын немесе күніне шамамен 43 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды, бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді".ҚР Ұлттық Банкі

Республикалық бюджетке трансферт бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2025 жылғы қаңтарда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 750 млн АҚШ долларынан 850 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.

"БЖЗҚ-да валюталық активтер үлесі 2024 жылдың соңында 40%-дан сәл жоғары болды. Ұлттық Банк желтоқсанда зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. 2025 жылғы қаңтарда БЖЗҚ-қа валюта сатып алу жоспарланбады",- делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, ішкі валюта нарығында шектеулі ұсыныс кезінде экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына жоғары сұраныс сақталғандығы атап өтілді.

"Тұрақсыздық тудыратын ауытқулардың алдын алып, теңге бағамының шамадан тыс құбылмалылығын реттеу мақсатында және белгілі бір кезеңдерде шетел валютасының ұсынысын қамтамасыз ету үшін Ұлттық Банк желтоқсанда валюталық интервенция жүргізді. Айдың қорытындысы бойынша валюта сату көлемі 307,6 млн АҚШ долларын құрады".ҚР Ұлттық Банкі

Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы толық ақпаратты ашып көрсетуді жалғастырады.

"Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді",- деп қорытындылады ведомство.

Бұған дейін Қазақстанда 2025 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өскені хабарланған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!