«Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын беру тәртібі өзгерді

13:49, 6 қаңтар 2025

© Фото: pexels

Ғылым және жоғары білім министрінің м. а. 2024 жылғы 27 желтоқсандағы бұйрығымен жыл сайынғы "Үздік ғылыми қызметкер" сыйлығын беру ережесін бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қағидалар ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғалымдарға, ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (ЖЖОКБҰ) ғылыми қызметкерлеріне жыл сайынғы "Үздік ғылыми қызметкер" сыйлығын беру тәртібін айқындайды.

Сыйлық конкурстық негізде беріледі.

Ғылым саласындағы уәкілетті орган өзінің интернет-реcурсында "Үздік ғылыми қызметкер" жыл сайынғы конкурсының өтетіндігі туралы хабарландыру орналастырады.

Үміткерлер Конкурсқа қатысу үшін уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы келесі құжаттарды тапсырады:

  • Сыйлықтарды алу конкурсына қатысу үшін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес үлгідегі өтінім;
  • Сыйлық беруге үміткердің ғылыми жетістіктерін бағалау көрсеткіштеріне сәйкес мәліметтер;
  • ғылыми ұйымдардың және ЖЖОКБҰ консультативтік-кеңесші органының өтінішхаты (ұсынысы);
  • жеке басын куәландыратын құжаты.

Конкурсқа құжаттар уәкілетті орган конкурс туралы хабарландыруды жариялаған күннен бастап күнтізбелік 20 (жиырма) күн ішінде ақпараттық жүйе арқылы қабылданады.

Құжаттары мемлекеттік құпияларды немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" және (немесе) "Құпия" деген белгісі бар таратылуы шектеулі қызметтік ақпараттарды қамтитын үміткерлер оларды мемлекеттік құпиялар туралы заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті органға ұсынады.

Конкурстық құжаттарды қарау және сыйлықтарды тағайындау мәселесі бойынша шешімдер дайындау үшін уәкілетті органның бұйрығымен бекітілетін Комиссия құрылады.

Комиссия қазақстандық ғалымдар, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы уәкілетті органның, салалық уәкілетті органдардың, ғылыми ұйымдардың, ЖЖОКБҰ және ғылыми қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен қалыптастырылады. Комиссия мүшелерінің саны кемінде 25 (жиырма бес) адамды құрайды. Комиссия хатшысы комиссия мүшесі болып табылмайды. Комиссия отырыстары оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі.

Комиссияның төрағасы Комиссия мүшелерінің арасынан ашық дауыс беру арқылы оның мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен сайланады.

Сыйлық беруге үміткердің ғылыми жетістіктерін бағалау көрсеткіштері мынадай көрсеткіштерді қамтиды:

  • Қазақстан Республикасында танылған ғылыми дәреженің болуы;
  • уәкілетті органмен берілген ғылыми атағының болуы;
  • таңдалған ғылыми бағыт бойынша ғылыми жобалар мен бағдарламаларға басшылық ету;
  • таңдалған ғылыми бағыт бойынша ғылыми нәтижелердің болуы және сапасы (мақалалар және (немесе) шолулар, отандық және шетелдік журналдарда жарияланған монографиялар, оның ішінде монографиядағы тарау, патенттер, енгізулер және т.б.);
  • таңдаулы ғылыми бағыт бойынша беделді халықаралық рецензияланатын журналдарда жетекші шетелдік ғалымдармен бірлескен авторлықпен мақалалардың болуы;
  • соңғы жылы ЖЖОКБҰ-да кемінде бір пәнді немесе бірнеше пәндерді оқыту;
  • философия докторы (PhD) немесе сала докторы ғылыми дәрежесін алған кадрларды дайындау;
  • өндіріске енгізу үшін ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің расталған нәтижелері;
  • ғылыми зерттеулердің сапасын, нәтижелілігін және әсерін арттыруға бағытталған қоғамдық жұмыс.

Секциялар жұмыстарды бағалайды және Комиссия айқындаған ғылыми жетістіктерді бағалау көрсеткіштеріне сәйкес әрбір үміткер бойынша қорытынды береді.

Нәтижелер Комиссия айқындаған үміткерлердің ғылыми жетістіктерін бағалау көрсеткіштерінің балдары бойынша сараланған тізімдер түрінде ғылым салалары бойынша ақпараттық жүйеде жеке ресімделеді. Нәтижелер әрбір қатысушы мүшенің қолымен расталған секция хаттамасымен бекітіледі және комиссияның қорытынды отырысына қарауға беріледі.

Комиссия секциялардың қорытындылары негізінде оларды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде уәкілетті органға Сыйлық беру жөніндегі шешімді енгізеді.

Комиссияның сыйлық беру туралы шешімі көпшілік дауыспен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

Сыйлықтардың жалпы саны Комиссияның шешімі бойынша ғылымның әрбір бағыты бойынша келіп түскен өтінімдердің санына байланысты ғылыми бағыттар арасында бөлінеді.

Конкурс қорытындысы бойынша сыйлық иеленушіге осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес "Үздік ғылыми қызметкер" жыл сайынғы сыйлығын тағайындау туралы" куәлік ағымдағы жылда беріледі және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 2000 еселенген мөлшерінде сыйлық иегерінің ағымдағы шотына республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік сыйлық төленеді.

Бұйрық 2025 жылғы 16 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!