Қазақстандықтарға салықтық жеңілдік жасалуы мүмкін: кімдер жеке табыс салығын төлемейді

11:33, 21 қараша 2026
MKZ: 1578983

© Фото: Zakon.kz

Қазақстанда проблемалық кредиттері мен микрокредиттерінің қарызы кешірілген азаматтар жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуден босатылуы мүмкін. Тиісті түзету Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 30-отырысында мақұлданды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылғы 20 қарашада ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында елдің негізгі салық құжатына енгізілетін екі маңызды өзгеріс мақұлданды.

Бірінші өзгеріс тікелей қарыз алушыларға қатысты. Заңда өмірде кездесетін барлық күрделі жағдайды қамту мүмкін болмағандықтан, билік қосымша талап қоймай, қарызы кешірілген азаматтардан ЖТС алмау туралы шешім қабылдады. Жалғыз шектеу – кредиторларға белгіленген жылдық қарыз есептен шығару лимиттері.


"Қазір банктер провизияларды азайтудан түскен кірісті мойындамай-ақ, жылына несие портфелінің 10%-ы шегінде проблемалық берешекті кешіре алады. Ал микроқаржы ұйымдары үшін бұл көрсеткіш 20%-ды құрайды. Осы лимиттерді екі есе, яғни тиісінше 5% және 10%-ға дейін төмендету ұсынылып отыр. Осы шектерде азаматтарды қарызы есептен шығарылған кезде басқа талаптар қоймай, ЖТС төлеуден босату көзделген", – делінген хабарламада.

Егер белгіленген лимиттен асып кетсе, кредитор оның артық сомасын провизияларды азайтудан түскен кіріс ретінде мойындап, салық агенті ретінде сол сомадан ЖТС төлейді. Мақұлданған түзету Салық кодексіне енгізілетін өзгерістердің жалпы пакетіне кіреді.

Екінші түзету жеңіл өнеркәсіпті қолдауға қатысты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен өндірістегі жергілікті қамту үлесін арттыру туралы келісім және арнайы инвестициялық келісімшарт жасасқан кәсіпорындар корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан және жерді пайдаланғаны үшін төлемнен босатылады. Келісімшарт талаптары бұзылған жағдайда жеңілдіктер жойылады.

Сонымен қатар отырыста тігін фабрикаларында айналым қаражатының жетіспеушілігі мәселесі көтерілді. Сала өкілі Салтанат Әбдікәрімованың айтуынша, кәсіпорындар импорттық маталарды елге әкелген кезде қосылған құн салығын (ҚҚС) бірден төлеуге мәжбүр. Ал дайын өнім үшін тапсырыс берушілерден ақша кейде тоғыз айдан кейін ғана түседі.

Бұған жауап ретінде Мемлекеттік кірістер комитеті өндірушілерге импортталатын шикізат үшін ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін ұсынды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!