Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетов өзіне қол салды

13:21, 22 желтоқсан 2025

© Сурет: gov.kz

Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетов суицид жасады. Аталған дерек бойынша полиция тергеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қайғылы оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланған жазбадан белгілі болды.

"Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетов өз-өзіне қол жұмсады. Оның денесі 20 желтоқсан күні шамамен сағат 21:00-де үйінен табылған. Шенеунік 46 жаста болған. Ресми емес мәліметтерге сәйкес, сол күні ол достарымен кездескен. Аудандық әкімдік бұл қайғылы ақпаратты растады. Ол Темір қаласының әкімі қызметіне өткен жылдың маусым айында тағайындалған. Бұған дейін мемлекеттік қызметте түрлі лауазымдар атқарған", – делінген 2025 жылғы 22 желтоқсанда gosarchivekz Telegram-арнасында жарияланған мәліметте.

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайға түсініктеме берді.

"Өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды", – деп мәлімдеді.

Еркін Далмағамбетов 1979 жылғы 7 шілдеде Ақтөбе облысы Темір ауданының Темір қаласында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 2001 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін "инженер-координатор" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2001 жылы облыстық жер ресурстарын басқару комитетінде жетекші маман ретінде бастаған. 2004–2006 жылдары Қарғалы аудандық жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы, 2006–2009 жылдары облыстық жер қатынастары басқармасы бөлімінің басшысы қызметін атқарған.

2009–2022 жылдары "Компани Сагиз Петролеум" және "TS AGRO" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде жұмыс істеген. 2024 жылғы наурыз айынан бастап "Агрофирма Куквест" ЖШС басшысының көмекшісі болған.

Темір қаласының әкімі қызметіне 2024 жылғы 3 маусымда тағайындалған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!