Таяу Шығыс аймағынан 4 мыңға тарта отандасымыз елге қайта алмай отыр - БАҚ

22:42, 2 наурыз 2026

© Сурет: видеодан алынды

Таяу Шығыс аймағынан мыңдаған отандасымыз елге қайта алмай отыр. "Туристік қамқор" қорының есебінше, Біріккен Араб Әмірліктерінің өзінде 2,5 мың қазақстандық жүр. Тағы мыңнан аса турист Катарда, 200 отандасымыз Сауд Арабиясында қалған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Біріккен Абар Әмірліктері, Катар, Сауд Араиясы сияқты Таяу Шығыстағы елдерге демалуға кеткен отандастарымыз бүгін үшінші күн елге орала алмай отыр. Өткен сенбіден бері тоқтамаған зымырандар туристердің зәре-құтын қашырған. Соның бірі Катарға саяхаттап кеткен Заңғар Серікұлы. Еш уайымсыз теңіздің жағасында күнге қыздырынып жатқанда жойқын жарылыстың даусынан шошынғаны сонша, "қонақүйге әрең жеттік" дейді отандасымыз, деп хабарлайды КТК.

"Балкондар, өздеріңіз көріп тұрғандай, қатты дірілдеді. Біз ғимараттың өзі дірілдеп тұр деп ойладық. Қорқыныш бар, үйге, елге аман-есен жетсек деген тілек бар. 28, 1-і күні дүрсілдер, дүмпулер қатты естілді. Бір жағынан біздің қонақүйдің қасында америкалық авиа база бар, 5 шақырымда. Сондықтан да қатты естілді".Заңғар Серікұлы, Катардағы қазақстандық турист
"Бұл жақтағы жарылыстарды да көрдік, дауыстары да қатты естілді. Төбеде түтіндерді де байқадық. Зымырандардың атылғанын көрдік. Бізге бұл жақтың заңына сәйкес, тіпті автокөлік соғылса да оны видеоға түсіруге болмайды екен. Ол жарылыстарды да түсіруге болмайды. Мен өз басым видео түсірмедім, желіде жүктемедім. Өйткені Дубайда заң қатал. Кейін келіп жатсақ елге кіре алмай қалатынымызды бізге ескертті". Ақтөре Тынышбекұлы, Дубайдағы қазақстандық турист

Атыс-шабыс Катарда ғана емес. Израиль мен АҚШ-тың шабуылына жауап ретінде Иран америкалық әскери базалар бар аймақтағы барлық елді зымыранмен атқылауда. Және бомбаның барлығы бірдей сол базаларға түсіп жатқан жоқ. Иранның зымырандары, дрондары Дубайдағы тұрғынүй, қонақүйлерге де жеткен. Ал Дубай - қазақстандықтар ең көп баратын жердің бірі. Осында жылжымайтын мүлік алған қазақтар да жүздеп саналады. Атыс-шабыста Қазақстан азаматтары зардап шекпепті. Дегенмен, демалысының шырқы бұзылған 4 мыңдай отандасымыз елге қайтуды аңсап отыр.

"Біздің туристер бірнеше елде қазір Қазақстанға орала алмай жатыр. Араб әмірліктерінде 2,5 мың қазақсандық турист бар. Яғни, олардың бәрі "Туристік қамқор" қорының тур операторларымен бірігіп қонақүйлерге орналастырылды. Ешкім далада қалған жоқ".Асылхан Есілов , "Туристік қамқор" қорының директоры

Израиль мен Иранда да Қазақстан азаматтары аз емес. Дипломаттарымыз Иран аумағында жүрген отандастарымыз үшін тәулік бойы жұмыс істейтін жедел байланыс желілерін іске қосты.

"Қазақстанның шетелдегі мекемелері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді және отандастарға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. Өңір елдерінде сондай-ақ транзиттік аймақтарда жүрген азаматтардың тізімдері өзектендірілуде. Мессенджерлерде жедел чаттар құрылып, отандастардың қызығушылығын тудыратын сұрақтарға жауаптар және елдегі жағдай туралы ақпарат және тиісті ұсыныстар берілуде". Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі

"Туристік қамқор" қоры да бір де бір туристі далада қалдырмаймыз деп сендіріп отыр. Дегенмен, елге қайту, әзір мүмкін емес. Өйткені, Көлік министрлігі Таяу Шығыстағы елдерге ұшатын 13 рейсті тоқтатқан. Әуе компаниялары осы елдердің әуе кеңістігі қайта ашылғаннан кейін ғана кері рейстерді жіберуге дайын. Сыртқы істер министрлігі де отандастарымызды елге қайтару үшін сол елдің билігімен тәулік бойы байланыста отыр.

Бұған дейін Иранда қанша Қазақстан азаматы жүргені хабарланған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!