Иранға жасалған шабуыл: Оқу-ағарту министрі оқушы қыздардың қаза табуына байланысты көңіл білдірді

17:13, 2 наурыз 2026

© Сурет: pixabay

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Иранда орын алған қайғылы оқиға - 160 оқушы қыздың қаза табуына байланысты көңіл білдіріп, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министр бұл туралы 2026 жылы 2 наурызда Facebook-тегі парақшасында жазды:

"Иранда орын алған қайғылы оқиға – 160 мектеп оқушы қыздардың қаза табуы туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Бейбіт күнде білім алып, болашаққа қадам басуы тиіс балалардың өмірінің үзілуі – барша адамзат үшін орны толмас қасірет. Бала тәрбиесімен айналысатын адам ретінде балалар ешқашан қандай да бір қақтығыстың, жанжалдың немесе саяси текетірестің құрбаны болмауы тиіс деп санаймын. Олардың қауіпсіздігі мен амандығы – халықаралық қауымдастық үшін де, әр мемлекет үшін де ең басты құндылықтардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықаралық мәселелерді әрдайым бейбіт, дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл – адам өмірін, әсіресе балалардың болашағын қорғауға бағытталған салмақты әрі дәйекті ұстаным. Мен бұл көзқарасты толық қолдаймын. Қаза болған ирандық балалардың ата-аналары мен жақындарына көңіл айтамын".

Айта кетсек, 2026 жылдың 28 ақпанында Иранда жарылыстар болды. Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац әуе соққылары "Израильге төнген қатерлерді жоюға" бағытталғанын мәлімдеді. Иранға жасалған шабуылға АҚШ-тың да қатысы бары айтылды. Көп ұзамай АҚШ президенті Дональд Трамптың видео үндеуі жарияланды. Ол АҚШ кең көлемді операцияны бастағанын жариялады. Сондай-ақ Air Astana Таяу Шығысқа қатынайтын барлық рейстің тоқтатылғанын хабарлады. БҰҰ Израиль мен АҚШ-тың Иранға әуеден жасаған соққыларын айыптады. Ирандағы Минабтағы қыздар бастауыш мектебіне тиген зымыран салдарынан 53 мектеп оқушысының қаза тапқаны хабарланды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!