Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу тәртібі: не өзгерді

12:13, 25 тамыз 2026
MKZ: 1563250

© Фото: freepik

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы 2026 жылғы 19 тамыздағы бұйрығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті орган, оның аумақтық бөлімшелері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілері жүргізеді.

Құжатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген ақпаратты жинау, өңдеу, қорыту, талдау және бағалау арқылы жүргізілетіні нақтыланған. Ақпарат жинау кезінде мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды тұлғаларға сұрау салу жіберілуі мүмкін.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу үшін мынадай ақпарат көздері пайдаланылады:

  • құқықтық статистика органдарының деректері;
  • жеке және заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өтініштері;
  • үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың мәліметтері;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жүргізілген әлеуметтану сауалнамаларының деректері;
  • бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар;
  • заңмен тыйым салынбаған өзге де ақпарат көздері.

Сонымен қатар қағидалар мынадай мазмұндағы жаңа тармақпен толықтырылды:

Кешенді және тақырыптық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу кезінде уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері Қағидалардың 7-тармағына сәйкес алынған ақпараттың дұрыстығы мен толықтығын растау мақсатында баруға ашық жерлерде орналасқан нысанды көзбен шолып тексереді.

Егер нысан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нысанасына жататын салаға қатысты болса, қоғамдық орындарда немесе ашық жерлерде фото және бейнетіркеу жүргізіледі.

Оқиға орнына бару барысында алынған мәліметтер талдамалық есепте көрсетіледі.

Бұйрық 2026 жылғы 4 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!