Супер компьютер мен AI мүмкіндіктері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын болады

16:35, 23 маусым 2025

© Фото: pixabay

2025 жылдың 23 маусымында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде жасанды интеллектпен жұмыс істейтін жедел басқару орталықтарын ашуды тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, жасанды интеллект пен "үлкен дерекқор" мүмкіндіктерін жұмылдыру қажет. Көп ұзамай іске қосылатын суперкомпьютерімізді осы мақсатта пайдалануға болады.

"Жалпы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологиялар мен басқа да озық шешімдерді енгізуді жалғастыру керек. Мұнда салалық министрлік негізгі рөл атқарады. Жұмыс үдерісін барынша цифрландыруды тапсырамын. Бұл тиімділікті арттырып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Жасанды интеллект технологиялары құқық қолдану тәжірибесін стандарттауға көмектеседі. Бұл, өз кезегінде, бірдей қылмыстық әрекет мүлде әртүрлі бағаланатын және азаматтарды қылмыстық процеске негізсіз тартатын жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді",- деді ол.

Тоқаев жыл басынан бері Президент Әкімшілігіне дәл осындай, яғни сотқа дейінгі іс жүргізу мәселесі бойынша үш мың шағым келіп түскендігін айтты. Сондықтан цифрлық технологияның мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет.

"Мысалы, қазір елімізде іске қосылған "Заң мен тәртіп" платформасын Электронды үкімет пен танымал банк қосымшалары арқылы қолдануға болады. Осы цифрлық платформаның арқасында азаматтарымыз полицияға тікелей және жедел түрде хабарлама жолдай алады. Осылайша, кез келген құқық бұзушылыққа "мүлдем төзбеушілік" қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал етеді. Мен Ақтөбе облысына сапарым кезінде Жедел басқару орталығында болдым. Орталықта жасанды интеллектінің көмегімен қаладағы ахуалға тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Полиция қызметінің тиімділігін арттыратын осындай орталықтарды еліміздің барлық қаласы мен ауданында ашу қажет. Әкімдер бұл жұмысқа белсенді түрде кірісуге тиіс",- деді ол.

Бұдан бөлек, "Қауіпсіз қала" ұлттық платформасын іске қосу керек. Бұл – қаладағы бейнебақылау құралдары енді адамның бет-жүзін анықтап, оның жүріс-тұрысына талдау жасап, көшедегі көлікті де есепке алады деген сөз. Мұндай озық технологиялар түрлі заңсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді, сол арқылы қоғамдық тәртіпті нығайта түседі.

"Интернет және телефон алаяқтығының алдын алу мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Қылмыстың бұл түрі бүкіл әлемде белең алды. Көбіне мұндай іске тыңғылықты ұйымдасқан қылмыстық топтар барады. Олар шетелден әрекет ететіндіктен, тергеу амалдарын қиындатады. Сондықтан бұл ретте алдын алу шараларының мәні зор". Мемлекет басшысы

Ол, өткен жылы Ұлттық банк жанынан заманауи антифрод-орталық ашылғандығын айтты. Олар күмән тудырған операцияларды анықтап, бұғаттап отырады.

"Сонымен қатар өздеріне тиесілі инфрақұрылымды пайдалана отырып жасалған алаяқтық үшін банктер мен ұялы байланыс операторларына да жауапкершілік белгілеп жатырмыз. Азаматтарымыздың жеке мәліметтерінің сенімді жерде сақталуын қамтамасыз ету өте маңызды. Халықтың қаржылық сауатын арттырып, қоғамда алаяқтардың әрекеттеріне иммунитет қалыптастыру үшін барлық деңгейдегі депутаттармен бірлескен жұмысты күшейткен жөн",- деді ол.

Оның сөзінше, алаяқтар ақшаны жылыстататын немесе сыртқа шығаратын құйтырқы айлаларына адамдарды алдап түсіреді.

"Бұл да үлкен проблемаға айналды. Азаматтарымыз пайдаға кенелеміз деп оларға банк есепшоттарын беріп қояды. Бірақ бұл әрекеттерінің салдары қандай ауыр болатынын ойлай бермейді. Соңғы бір жарым жылда 50 мыңнан астам адам осындай жағдайға душар болды. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі – жастар. Бұл мәселеге қатысты шұғыл шара қабылдау керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірге осындай шоттарды алдын ала анықтап, бұғаттайтын тиімді жүйені жолға қойғаны жөн. Аталған мәселенің бір ұшы бақылаусыз сим-карта айналымына келіп тіреледі. Тек биылдың өзінде сим-карталарды басқа біреудің атына рәсімдеген 100 мыңға жуық факті анықталды. Нөмірлерді түрлі қылмыстық мақсатқа пайдаланады. Үкіметке уәкілетті органдармен бірлесе сим-карталарды сату тәртібін реттеуді және оларды таратқаны үшін мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырамын",- деді ол. Президент

Бұған дейін ол парламент жылдың соңына дейін "Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы" Заңды қабылдайтындығын атап өтті.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!