Шыңғырлау ауданында киелі орындардың картасы жасалды

22:33, 29 тамыз 2017

Еліміздің саяси-экономикалық даму қарқынын сақтап, баянды болашағын қамтамасыз етудің кілті рухани жаңғыруда болмақ.

Осы бағытта бүгінде өңірлерде қызу жұмыс жүріп жатыр. Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында да мәдени-тарихи ескерткіштердің маңызы зерделеніп, киелі орындардың картасы жасақталған.

«Туған жердің тарихын терең тану арқылы ғана өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелей аламыз», – дейді елдің естілері.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

-Тұмса табиғатымен ерекшеленетін көрікті орындар, табиғи ландшафттар Шыңғырлау ауданында аз емес. Солардың бірі – ел аузында әлемдегі ең кішкентай сарқырама аталып кеткен мына орын. Сарқыраманың мұздай суы шомылушылардың санасын сергітіп, сарайын ашатын қасиетке ие. Сондықтан шығар, жазда Сарқыраманың жағасынан адам арылмайды. Суы қанша суық болса да, салқын тиді деген жан болған емес.

Сарқырама жайлы аңыз көп. Осы жерде ертеде Салиха есімді сұлу болыпты. Оған түсінде бұлақтың көзін аш және оны ешкімге айтпа деген аян беріледі. Тұманы аршыған, алайда сырын анасымен бөліскен бойжеткен кешікпей көз жұмады. Қыз Әулие қабірі қазір бұлақтың басында, таяқ тастам жерде тұр. Мешіт салдырып, медресе ашқан Нұрмағамбет болыс кейін 1898 жылы осы жерден бөгет салады. Сарқырама солай пайда болады. Төңіректе бұл тарихты білмейтіндер кемде-кем.

Ғайса Исқақов, Ақсуат ауылының тұрғыны:

-Судың өте қасиетті емі бар. Айтылды ғой, құлақ ауырғанға. Жүре алмай жүрген балаларды әкеліп, емшілер осында емдеп жатады.

Шыңғырлауда аты аңызға айналған тағы бір тарихи орын – Аққұм. Ұзындығы 18, ені 8 шақырымдай болатын құмды қоршай Қалдығайты өзені ағып жатыр. Сол себепті де адам аяғы баспаған, тұмса табиғаты бұзылмаған жер. Аппақ шағылдың арасында аң мен құс жыртылып айырылады. Арғыдан жеткен әпсанаға сенсек, ертеде осы жерде қалмақтың ханы Алшағырдың шаһары болған деседі. Оны кейін Қобыланды батыр шауып, қиратады. Батырдың сүйегі Ақтөбенің іргелес Қобда ауданында орналасуы, жырдағы жер-су аттарының кездесуі аңыз түбінде ақиқат жатқанын айғақтайды.

Адақ Шотпанов, аудандық «Серпін» газетінің редакторы:

-Алшағыр ханның ордасы болды деп айтуға толық негіз бар. Себебі соның қасында Қыземшек деген тау бар, жолда «Қобыланды батыр» жырында айтады ғой, «бүйір-бүйір, бүйір тау, қыземшекті сүйір тау, одан да өтіп жөнелді» дейді. Сонда Қобыландының Алшағырдың елін шабуға бара жатқанын дәлелдегендей болады.

Аққұмның шағылдары қаншалықты биік болса, бауырына басып жатқан құпиясы да соншалықты салмақты. Айналасында 300-дей оба бар. 2002 жылдары археологиялық жұмыстар басталғанымен қаладан шалғай болуына байланысты тоқтап қалған.

Зарлық Сүйіндіков, Сегізсай ауылының тұрғыны:

-Мұны әлі зерттесе, көп мәселе бар. Зерттелмей жатыр ғой. Соған бір тиын бөлініп, ақша бөлініп археологтар келіп, зерттесе, бізге де жақсы болар еді. Тарихын білер едік.

Археологтардың айтуынша, келешекте Аққұмның айналасында зерттеу жұмыстары қайта жанданбақ. Жалпы Рухани жаңғыруға байланысты ауданда ауқымды жұмыстар жоспарланған. Биыл жергілікті мұражай жөнделсе, өлкенің табиғаты мен тарихына арналған 3 томдық жарық көрмек.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!