ШҚО-да 20-дан астам ұрланған велосипед иелеріне қайтарылды

14:57, 31 шілде 2026
MKZ: 1559020

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында велосипед ұрлығына қатысты 38 дерек тіркелді. Полиция қызметкерлерінің жедел жұмысының нәтижесінде оның 27-сі ашылып, 20 күдікті анықталып, ұсталды.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұрланған 20-дан астам велосипед заңды иелеріне қайтарылды.

Бұл ретте азаматтардың полицияға уақытылы жүгінуі, жедел-іздестіру шараларының тиімді ұйымдастырылуы және полицейлердің ұрланған мүлікті анықтауға бағытталған кәсіби әрекеті маңызды рөл атқарды.

Талдау көрсеткендей, велосипед ұрлығының басым бөлігі азаматтардың өз мүлкінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауынан орын алады. Велосипедті аулада, көпқабатты үйдің кіреберісінде, дүкен маңында немесе өзге де қоғамдық орындарда қараусыз қалдыру ұрыларға қолайлы жағдай туғызады.

Осыған байланысты полиция департаменті тұрғындарды жеке мүліктің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Велосипедтерді қараусыз қалдырмай, сенімді құлыптар мен ұрлыққа қарсы құрылғыларды пайдаланып, мүмкіндігінше қауіпсіз орындарда сақтау қажет.

Егер ұрлық фактісіне куә болсаңыз немесе күмәнді адамдарды байқасаңыз, дереу полицияға 102 нөмірі арқылы хабарлаңыз. Уақытылы берілген ақпарат қылмысты жедел ашып, ұрланған мүлікті заңды иесіне қайтаруға мүмкіндік береді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!