Шетелдіктерге мемлекеттік тіркеу нөмірін беру: не өзгерді

16:47, 17 шілде 2026
MKZ: 1556714

© Фото: Zakon.kz

Ішкі істер министрі м.а бұйрығымен көлік құралдарының жекелеген түрлерін сәйкестендіру нөмірі бойынша мемлекеттік тіркеу және есепке алу, механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау, емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, Қазақстандағы жол қозғалысына қатысатын шетелдік тұлғаларға тиесілі көлік құралдарына мынадай сериядағы мемлекеттік тіркеу нөмірлері (МТНБ) берілетіні нақтыланды:

  • "D" – Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың және (немесе) олардың өкілдіктерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелген консулдық мекемелердің қызметкерлерінің қызметтік және жеке көлік құралдарына;
  • "T" – Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың және (немесе) олардың өкілдіктерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелген консулдық мекемелердің әкімшілік-техникалық персоналының қызметтік және жеке көлік құралдарына;
  • "HC" – құрметті консулдық лауазымды тұлғалар басқаратын консулдық мекемелердің қызметтік және жеке көлік құралдарына;
  • "M" – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерінің көлік құралдарына;
  • "H" – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалардың көлік құралдарына;
  • "F", "G", "I", "J" және "K" – шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың көлік құралдарына.

Жол қозғалысына "D", "T" және "HC" сериялы мемлекеттік тіркеу нөмірлері бар көлік құралдарының қатысуы үшін дипломатиялық корпуспен жұмыс жөніндегі ұйым беретін стикердің болуы міндетті.

"D", "T" және "HC" сериялы мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің қолданылу мерзімі стикердің қолданылу мерзімімен бірдей болады.

Құжатта мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі ретінде транзиттік мемлекеттік тіркеу нөмірін беру, тапсырыспен дайындалған мемлекеттік тіркеу нөмірін беру немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру көзделгені көрсетілген.

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі қызмет алушыға немесе оның өкіліне жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде беріледі.

Жеке тұлға өкілінің өкілеттігі Қазақстан Республикасының нотариусы куәландырған сенімхатпен немесе сенім білдірушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) расталады.

Заңды тұлға өкілінің өкілеттігі басшының немесе уәкілетті органның қолымен және заңды тұлғаның мөрімен куәландырылған сенімхатпен расталады (жеке кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда). Егер мөр болмаса, сенімхат нотариуспен немесе сенім білдірушінің ЭЦҚ-сымен куәландырылуы тиіс.

Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға осы қызметті алу құқығының туындауына қатысы жоқ талаптар негіз бола алмайды.

Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылған жағдайда қызмет алушымен тыңдау рәсімі жүргізілмейді.

Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерінің бірі ретінде мемлекеттік тіркеу нөмірінің телнұсқасын беру немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру қарастырылған.

Бұйрық 2026 жылғы 27 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!