Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті

17:10, 3 желтоқсан 2020

Биыл 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы" Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай, бүгін - 3 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.

Мемлекеттік комиссия құрамына ҚР Президент Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің ғалымдары бар. Комиссия құрамына 49 адам кіреді.

Мемлекеттік хатшы өзінің сөйлеген сөзінде Мемлекеттік комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру екенін атап өтті. Материалдарға жан-жақты әрі кешенді зерделеу жүргізгеннен кейін, халықаралық тәсілдер мен стандарттар негізінде толықтай заңды, ал жекелеген санаттарға қатысты – қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтау жоспарланып отыр.

Отырыс барысында Мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастырудың міндеттері мен негізгі сәттері, оның 2020-2021 жылдарға арналған жұмыс жоспары, қуғын-сүргін құрбандарының түрлі топтарын ақтау жөніндегі қызметті әдіснамалық қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Қуғын-сүргінге ұшыраған әр түрлі топтарды ақтау бағыттарын пысықтау үшін арнайы жұмыс топтарын құру ұсынылды.

Отырыс қорытындылары бойынша Мемлекеттік комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Мемлекеттік комиссия қызметі мәселелері жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!