«Саясаткерлер баяндамаларын жазу үшін пайдаланады». Тоқаев ChatGPT-дің теріс әсері туралы айтты

22:13, 26 маусым 2025

© Сурет: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект өнімділікті арттырып қана қоймай, экономиканың жұмыс істеу қалыбын, тіпті мемлекет пен қоғамды түбегейлі өзгертіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев модератордың ЕАЭО елдерінің өзара сауда-саттық үдерісіндегі цифрлық технологиялардың перспективасы туралы сауалына жауап берді.

"Заманауи сын-қатерлер экономиканы өркендетуде жаңа тәсілдерге жүгінуді талап етеді. Бұл ретте цифрлық технологиялар маңызды рөл атқарады. Жалпы, цифрландыру мен жасанды интеллект біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағытының бірі. Электронды коммерция, цифрлық құжат айналымы, автоматтандырылған басқару жүйесі және логистика ЕАЭО елдері экономикасының ажырамас бөлігіне айналды. Олар шығынды азайтып, тауарлар қозғалысын жеделдетуге және бизнестің ортақ нарыққа шығуын жеңілдетуге мүмкіндік берді. Жаппай цифрландыру әлемнің тез өзгеруіне, технологиялық тұрғыдан ілгерілеуіне түрткі болып отыр. Біз осы кезеңнің куәгеріміз.

Президенттің айтуына қарағанда, аталған үдерісте ең ерекше назар аударатыны – жасанды интеллект. Бұл технология өнімділікті арттырып қана қоймай, экономиканың жұмыс істеу қалыбын, тіпті мемлекет пен қоғамды түбегейлі өзгертіп жатыр.

"Қазірдің өзінде ЖИ коммуникация, көлік, энергетика, өндіріс, денсаулық сақтау және білім беру секілді салаларға дендеп енді. Әрине, жасанды интеллектіні енгізудің теріс әсері де бар. Мысалы, студенттер ChatGPT пайдаланады. Тіпті, кейбір саясаткерлер баяндамаларын жазу үшін ChatGPT көмегіне жүгінетін көрінеді. Бірақ мұның бәрі жасанды интеллектінің, жалпы цифрландырудың жанама әсері деп ойлаймын. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай цифрландыру мен жасанды интеллект әлемдік ішкі жалпы өнімге 15 триллионнан астам табыс әкеледі, 300 миллионға тарта жұмыс орнын алмастырып, мүлдем жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, дүние жүзінде жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік күшейіп келеді

Еуразиялық экономикалық одақ ғаламдық үдеріс көшінен кеш қалмауы керек.

"Енді ғана қалыптасып келе жатқан цифрлық әлем тәртібіндегі рөлімізді күшейтуге орайлы сәт туды. Мұны дер кезінде пайдалану маңызды. Әрине, кез келген технологиялық революция сияқты жасанды интеллектінің де қатері жоқ емес. Технологияға қолжетімділік теңсіздігі, дәстүрлі жұмыс орындарының қысқаруы, цифрлық дербестіктің шектелуі, жаһандық цифрлық монополияға тәуелділік секілді қауіптер бар. Яғни дамуы жоғары деңгейдегі елдердің үркердей тобы осы үдерісте көш бастап, әлемнің басқа бөлігі соңында қалуы мүмкін. Менің ойымша, ЕАЭО бұл процестің алдыңғы шебінде болуға тиіс, тым болмаса артта қалып қоймауымыз керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның келесі жылғы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске төрағалығы аясында жиындардың бірін жасанды интеллектінің дамуына арнауды ұсынды.

"Біз ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамытып келеміз. Таяуда есептеу қуаты жоғары суперкомпьютерді іске қосады. Оның ресурсын ғылыми зерттеулерге, модельдеуге, үлкен деректер қорын өңдеуге және инженерлік тұрғыдан күрделі міндеттерді шешуге пайдаланамыз. Қазақстанда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Салалық заң қабылдау жоспарланып отыр. Бұл қадамдардың барлығы елімізде жасанды интеллектіні қолданудың берік институттық негізін қалыптастыруды көздейді", - деді Президент.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!