«Санаулы күн қалды»: ІІМ қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қазақстандықтарға үндеу жасады

10:48, 24 тамыз 2026
MKZ: 1563018

© Фото: Zakon.kz

Қазақстанда жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Осыған байланысты 2026 жылғы 24 тамызда ҚР Ішкі істер министрлігі азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Кәринаның айтуынша, жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды.

"Осы кезеңде полиция балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтеді. Құқық бұзушылықтар мен балалар жарақатының алдын алуға ерекше назар аударылады. Іс-шараға мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жұмылдырылды", – деді ол.

Спикердің мәліметінше, Қазақстанда "Назар аударыңыз, балалар!" акциясы басталды. Оның негізгі мақсаты – жол қозғалысының ең осал қатысушылары үшін қауіпсіз орта қалыптастырып, олардың құқықтарын қорғау.

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарының маңында бақылау күшейтіледі.

"Біздің басты міндетіміз – балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жүргізушілер, жылдамдық режимі мен жол қозғалысы ережелерін сақтау, сондай-ақ көлік тізгінінде мұқият болып, баланың жолға кенеттен шығып қалуына әрдайым дайын болу – олардың өмірін сақтаудың кепілі екенін ұмытпаңыздар", – деді Құралай Кәрина.

Сонымен қатар жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жол белгілері мен таңбалардың жай-күйі бақылауға алынып, мектеп автобустарының техникалық жағдайы және балаларды тасымалдау қауіпсіздігі тексеріліп жатыр.

Комитет төрағасы орынбасарының мәліметінше, білім беру ұйымдарының маңындағы жол инфрақұрылымын тексеру нәтижесінде 548 нұсқама берілген.

"Ата-аналарға да балаларға мектепте, көшеде, қоғамдық көлікте және интернетте қауіпсіз жүріп-тұру қағидаларын үнемі еске салып отырудың маңызды екенін айтқымыз келеді. Өйткені бала қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік", – деді Құралай Кәрина.

ІІМ өкілі қауіпсіз оқу жылы үшін әрбір азамат жауапты екенін атап өтті.

Қазақстанда жаңа оқу жылында қанша бала бірінші сыныпқа баратыны туралы осы жерден біле аласыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!