Бала бір құлағының есту қабілетінен айырылды: дәрігер ауруханаға 2 млн теңгеге жуық өтемақы төлейді

13:08, 24 тамыз 2026
MKZ: 1563048

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Ақтөбеде дәрігерлер төрт жастағы қызға дер кезінде дұрыс диагноз қойып, тиісті ем тағайындамаған. Соның салдарынан бала бір құлағының есту қабілетінен айырылды. Сот қалалық және облыстық балалар ауруханаларын жауапты деп таныды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Диапазон" басылымының жазуынша, бастапқыда жеке клиникада балаға "іріңді отит" диагнозы қойылған. Біраз уақыттан кейін басқа клиника мамандары "сол жақ бет жүйкесінің невралгиясы" деген диагноз қойып, қызды Ақтөбедегі қалалық балалар ауруханасына жіберген.

Қалалық ауруханада балаға тағы бірнеше диагноз қойылып, физиотерапиялық ем тағайындалған. Алайда іріңді отит кезінде мұндай ем қабылдауға қатаң тыйым салынады. Соның салдарынан қыздың жағдайы нашарлаған.

Кейін бала облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, оған шұғыл операция жасалды. Қыз ауруханаға екінші рет түскенде дәрігерлер консилиум өткізіп, емдеу тәсілін белгіледі. Алайда оның жағдайы жақсармаған соң анасы баласын Алматыдағы республикалық клиникаға апаруға мәжбүр болған.

Қыздың анасы дұрыс қойылмаған диагноз бен тиімсіз емнің ауыр зардаптарға әкелгенін айтып, Ақтөбедегі медицина қызметкерлерін сотқа берді. Талап қою арызында отиттің дұрыс емделмеуі инфекцияның таралуына себеп болғаны көрсетілген. Баланы дер кезінде мамандандырылған емдеуге жібермегендіктен, бас сүйегіне резекциялық трепанация жасауға тура келген. Операция кезінде бас сүйегінің шіріп кеткен бөлігінің орны арнайы пластинамен жабылған.

Осының салдарынан қыз бір құлағымен мүлде естімей қалған, ал екінші құлағында шу пайда болған. Оған бірінші дәрежелі есту қабілетінің төмендеуі диагнозы қойылды.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қалалық және облыстық балалар ауруханаларын зардап шеккен науқасқа моральдық зиян үшін 5 млн теңгеден төлеуге міндеттеді.

Қалалық балалар ауруханасы сот шешіміне сәйкес 5 млн теңге төлегеннен кейін бұл соманы жауапты медицина қызметкерлерінен өндіріп алуды талап етті. Аурухананың екі қызметкері өздеріне тиесілі бөлігін ерікті түрде өтеуге келіскен. Ал оториноларинголог дәрігер дұрыс ем жүргізбеуге қатысы бар екені дәлелденбегенін алға тартып, төлем жасаудан бас тартқан.

Осыдан кейін аурухана дәрігерден 1 млн 750 мың теңге өндіріп алу туралы сотқа талап қою арызын берді.

Істі қарау барысында сот оториноларингологтың да науқасқа біліксіз медициналық көмек көрсеткені үшін жауапты екенін анықтады. Нәтижесінде дәрігер дұрыс диагноз қоймай, тиісті ем жүргізбеу салдарынан балаға келтірілген зиян үшін ауруханаға 1 млн 750 мың теңге төлеуге міндеттелді.

Еске салайық, 2026 жылғы 17 тамызда Денсаулық сақтау министрлігі балаларды медициналық тексеруден өткізу қағидаларын жаңартты. Енді профилактикалық тексеру бірнеше кезеңнен тұрады. Тексеру аяқталған соң педиатр немесе жалпы практика дәрігері баланың денсаулық жағдайын кешенді бағалап, оның денсаулық тобын анықтайды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!