Риддерде полиция қызметкері тоғыз адамның өмірін сақтап қалды

13:56, 20 желтоқсан 2025

© Сурет: Zakon.kz

Риддерде полиция қызметкері тоғыз адамның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Zakon.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полицияның хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментіне Павлодардың 68 жастағы тұрғыны Зоя Калиева хат жазған.

Хатта 11 желтоқсанда Риддер қаласының маңында болған оқиға туралы айтылған. Тоғыз туристен жиналған топ таулы аймаққа қарда жүретін техникалармен сапарға шыққан. Сол топтың ішінде Зоя Калиеваның ұлы да болған. Әдетте олар кешкі уақытқа қарай хабарласатын, алайда бұл жолы күткен қоңырау түспей, белгіленген уақытта топ та оралмаған.

Әйел дереу полицияға хабар берген. Қоңырауды Риддер қаласы полиция бөлімінің жедел кезекшісі Мейрам Азтаев қабылдады. Әңгімелесудің алғашқы минуттарынан-ақ мән-жайды мұқият тыңдап, нақтылап алған соң дереу әрекетке көшкен.

Тәртіп сақшысы жедел түрде қажетті шараларды ұйымдастырған. Туристердің тұрғылықты мекенжайын анықтау үшін учаскелік инспекторды жіберіп, төтенше жағдайлар қызметімен байланыс орнатқан. Барлығын мұқият қадағалап, назардан тыс қалдырмаған. Түні бойы Зоя Калиевамен байланыста болып, іздестіру жұмыстарының барысы туралы ақпарат беріп, ең қиын сәттерде моральді қолдау көрсетті.

"Полиция мен құтқару қызметтерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде спутниктік байланыс арқылы туристердің нақты орналасқан жері анықталған. Тоғыз адамның барлығы аман-есен табылып, үсік шалу белгілері анықталған жоқ. Оқиға орнына қажетті құрал-жабдықтармен бірнеше техника бірлігі жұмылдырылып, құтқарушылар шұғыл түрде аттанды. Түнгі сағат 01:00 шамасында Зоя Калиеваның ұлы анасымен байланысқа шығып, оларға көмек келе жатқанын хабарлаған", - делінген хабарламада.

Ал таңертең тәртіп сақшысы қайта қоңырау шалып, туристік топтың барлық мүшесі қауіпсіз жерде екенін растаған.

"Сол түні мен өмірімдегі ең ауыр күйзелісті бастан өткердім. Алайда полиция қызметкері Мейрам Азтаевтың сенімділігі мен адамгершілік қолдауы маған үміт сыйлады. Ол тек қызметтік міндетін атқарумен шектелмей, шынайы жанашырлық танытты. Қазір менің он немерем бар, енді мен оларға полиция қызметкерлері мен олардың күнделікті ерліктері туралы айтып отыратын боламын", - деп бөлісті Зоя Қалиева.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!