Таразда «Келешек» мектебі ашылды

16:42, 19 желтоқсан 2025

© Сурет: Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында бүгін Тараз қаласының "Шөлдала" алқабында 600 орындық №70 жаңа мектеп салтанатты түрде ашылды.

Ашылу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, білім саласының ардагерлері мен ұстаздар және қала тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы көпшілікті қуанышымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Сурет: Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Мемлекет тарапынан білім беру саласына көрсетіліп жатқан жүйелі қолдаудың нәтижесінде өңірімізде соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылды. "Келешек мектептері" жобасы бойынша бүгінге дейіноблыста 6 мектеп пайдалануға беріліп, мыңдаған бала заманауи талаптарға сай, қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алып келеді. Сондай-ақ оқушы орнының тапшылығы, үш ауысымды оқыту және ескі мектептердің мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Қазіргі таңда жаңа мектептердің ашылуы арқылы аймақта үш ауысымды оқу мәселесі жүйеленді, – деген облыс әкімі мектеп ұжымына арнайы сертификат табыстады.

Аталмыш мектептің "Шөлдала" тұрғын алқабында ашылуы заңдылық. Жалпы бұл алқапта 1500-ге жуық халық тұрады. Халық тығыз орналасқан алқаптың айналасындағы елді мекендерде 16 440 халық бар.

Сурет: Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Агроспецстрой" ЖШС мердігерлігімен бой көтерген білім ордасы заманауи материалдық-техникалық базамен толық жабдықталған. Мектеп ғимаратында 33 оқу кабинеті, 136 орындық мәжіліс залы, 160 орындық асхана, екі спорт залы, "STEM",робототехника кабинеттері, 3 зертхана, 2 компьютер сыныбы, 3 шеберхана, 30 орындық оқу залы бар кітапхана, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық және жобалық жұмыстармен айналысуына арналған 5 коворкинг орталығы қарастырылған.

Сурет: Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазіргі таңда мектепте 723 оқушы білім алуда. Оқу процесі 1–11 сыныптар аралығында 33 сыныпта жүргізіледі. Бұл көрсеткіш аталған білім ошағына деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Оқу ордасының педагогикалық ұжымы да білікті мамандардан құралған. Айталық, мұнда барлығы 58 педагог қызмет атқарады. Оның ішінде 4 педагог-зерттеуші, 21 педагог-сарапшы, 24 педагог-модератор және 9 педагог бар. Ұстаздардың сапалық құрамы 44 пайызды құрайды.

Сурет: Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жалпы "Келешек мектептері" ұлттық жобасы негізінде Тараз қаласында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып, шаһарда білім беру инфрақұрылымы бұрынғыдан да сапалы әрі жаңа деңгейге көтерілуде.

Жемісті жоба аясында 2024 жылы облыс орталығы – Тараздағы "Бәйтерек" (13) және "Ұлы Дала" шағын аудандарында (15) 1 200 орындық 2 оқу ордасы есігін айқара ашты. Ал биыл "Ұлы Дала" шағын ауданында 2 000 орындық тағы бір "Келешек мектебі" ел игілігіне берілді.

Сурет: Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

№70 орта мектептің ашылуы – Тараз қаласындағы білім беру сапасын арттыруға, оқушылардың жан-жақты дамуына және заманауи білім беру талаптарына сай орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!