Резонанс тудырған Алматыдағы жол апаты: Zeekr жүргізушісі қазір қайда

15:04, 6 мамыр 2026

© Фото: Zakon.kz

2026 жылғы 6 мамырда Мәжіліс кулуарында Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Алматыда адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасынан кейін Zeekr көлігінің жүргізушісі мен автокөліктің қазір қайда екендігі жайлы мәлімет берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, көлікке қатысты бірқатар сот сараптамалары жүргізілген.

"Автотехникалық, кешенді және басқа да сараптамалар тағайындалды. Осыған байланысты автокөлікке тыйым салынды, қазіргі уақытта ол арнайы айып тұрағында тұр. Ал жүргізуші Алматы қаласындағы тергеу изоляторында қамауда отыр", – деді Санжар Әділов.

Сонымен қатар журналистер іс материалдары сотқа қашан жолданатынын сұрады.

"Алматыдағы жол апаты бойынша қылмыстық іс аяқталу сатысында тұр. Жақын күндері іс материалдары алдымен жәбірленуші тарапқа танысу үшін беріледі, содан кейін күдікті мен оның қорғаушыларына ұсынылады", – деп түсіндірді ол.

Бұған дейін ІІМ өкілдері бұл қылмыстық іс бойынша қажетті сараптамалардың басым бөлігі аяқталғанын мәлімдеген.

Еске салайық, 2026 жылғы 21 наурызда Алматыда болған жантүршігерлік жол апаты салдарынан үш адам қаза тапқан еді. Мас күйде болған Zeekr жүргізушісі Әл-Фараби даңғылында қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан екінші көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Алдын ала мәліметтер бойынша, апатқа себеп болған жүргізуші жол үстінде жарысқа қатысқан болуы мүмкін.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!