Ресейдің Тергеу комитеті қазақстандық судьяның өліміне қатысты істі тексеруді бастады

15:41, 2 ақпан 2026

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Ресейдің Тергеу комитеті (ТК) Германияда қаза тапқан Қазақстанның бұрынғы судьясы Айгүл Сайлыбаеваға қатысты іс бойынша тексеру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Белгілі болғандай, Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин бұл қылмысқа қатысы болуы мүмкін адамдардың Мәскеуде жасырынуы ықтимал деген ақпаратты тексеруді тапсырған.

Комитеттің ресми сайтында тексеру бастауына Ресей телеарнасында көрсетілген, Сайлыбаеваның өліміне арналған сюжеттің себеп болғаны атап өтілген.

"Оның өліміне қайын енесі мен бұрынғы жұбайының қатысы болуы мүмкін. Олар Германияда қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Мәскеуге бой тасалауы ықтимал. Осыған байланысты марқұмның ата-анасы Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкинге жүгінді. Сюжетте келтірілген деректер негізінде Мәскеу қаласы бойынша Ресей Тергеу комитетінің тергеу органдары процессуалдық тексеру ұйымдастырды", – делінген 2026 жылғы 1 ақпанда жарияланған ақпаратта.

Айта кетейік, 2024 жылғы 10 маусымда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Германия полициясының қазақстандық азамат Айгүл Сайлыбаеваны іздестіріп жатқанын хабарлаған болатын. Ал 17 маусымда оның зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті қаланың шет жағынан пластик қаптың ішінен табылғаны белгілі болды. 2025 жылғы 13 қарашада ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов бұл іс бойынша жаңа мәліметтерді жариялаған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!