-35°C-тан +17°C-қа дейін: 2026 жылдың ақпан айында қандай ауа райы күтіледі

12:18, 2 ақпан 2026

© Сурет: pexels

"Қазгидромет" РМК мамандары 2026 жылдың ақпан айына арналған консультативтік болжам ұсынды. Синоптиктер ақпан айы жылырақ болып, жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде күтілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Таратылған ақпарға сүйенсек, еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 1–2° жоғары, ал оңтүстік-шығысында нормаға жуық болады.

"Жауын-шашын республиканың көп бөлігінде климаттық норма шамасында, ал солтүстік-батыс бөлігінде, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтардың таулы және тау бөктері өңірлерінде нормадан көп болуы мүмкін",- делінген ақпаратта.

Бірінші онкүндікте температуралық фон:

  • Республиканың батысында, солтүстік-батысында (Ақтөбе облысы) түнде ауа температурасы 23–28° аязға дейін төмендейді, күндіз 15–23° аяз болады. Онкүндіктің соңында аяз бәсеңдеп, түнде 10–20° аяз, күндіз 0…-8° аяз болады.
  • Елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында түнгі температура қысқа уақытқа 15–25° аяздан 2–10° аязға дейін жоғарылайды, күндіз 5–13° аяздан +4…-1° аралығына дейін жылынады. Онкүндіктің соңында температура қайта төмендеп, түнде 18–28° аязға, күндіз 13–20° аязға дейін жетеді.
  • Оңтүстік-батыста, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста түнгі температура 5° аяздан +5° жылылыққа дейін, кейін 3–11° аязға дейін ауытқиды (Қызылорда облысының солтүстігінде 18° аязға дейін). Күндіз температура +3…+10°-тан +8…+17°-қа дейін көтеріледі, кейін 0…+8°-қа дейін төмендейді.
"Жалпы ақпан айында батыста, солтүстікте, орталықта және шығыста ең қатты аяздар бірінші және екінші онкүндіктерде күтіледі: түнде 21–30° аязға дейін, шығыстың таулы аймақтарында 35° аязға дейін, күндіз 13–20° аяз болады". "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі

Бұл ретте, бірінші онкүндіктің ортасында (батыста – басында), сондай-ақ екінші және үшінші онкүндіктердің жекелеген күндерінде күндіз жылымық болуы мүмкін.

Республиканың оңтүстік жартысында ақпан бойы түнгі температура 5° аяздан +5° жылылыққа дейін, кейде 3–15° аязға дейін ауытқиды, күндіз 0…+10°-тан +8…+17°-қа дейін болады.

Республиканың солтүстік бөлігінде жауын-шашын негізінен қар түрінде, ал оңтүстік-батыста және оңтүстік өңірлерде жаңбыр мен дымқыл қар түрінде түседі.

Сондай-ақ, тұман, көктайғақ, желдің күшеюі, солтүстікте боран күтіледі.

Бұған дейін Өскеменде арнайы мамандар ауаның сапасына баға бергенін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!